
Комитет ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ойыншықтарды бақылау мақсатында сатып алу қорытындысын шығарды. Зерттелген 403 үлгінің 237-сі (58,8%) Кеден одағының «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің (КО ТР 008/2011) талаптарына сәйкес келмеді.
Анықталған бұзушылықтардың көпшілігі (94,1%) өнімді таңбалаудың сәйкессіздігіне байланысты. Ойыншықтарда мемлекеттік тілде ақпарат жоқ, дайындалған күні көрсетілмеген, бұйымның құрамы сипатталмаған, дайындаушы немесе импорттаушы туралы мәліметтер жоқ. Сондай-ақ, мынадай бұзушылықтар анықталды: органолептикалық көрсеткіштер бойынша (0,8%) - ойыншықтардың химиялық иісі рұқсат етілген нормадан артық; токсикологиялық-гигиеналық көрсеткіштер бойынша (1,3%) - құрамында формальдегидтің - 1,5 есе, метил спиртінің 7 есе, ацетальдегидтің 8 есе артуы тіркелген; физикалық сипаттамалары бойынша (3,8%) балаларға қауіп төндіретін үшкір жиектердің болуы анықталды.
Қауiпті ойыншықтардың көпшiлiгi, яғни 95,8%-ы Қытайдан, 4,2% (ЕАЭО) елдерден келген.
Комитет ойыншықтарды сатып алу кезінде толық және дұрыс таңбалаудың болуына назар аударуды қатаң ұсынады. Қаптамада немесе бұйымда мынадай ақпарат болуы тиіс: ойыншықтың атауы; дайындалған мекені мен күні; дайындаушы мен импорттаушының деректері; жас санаты (немесе пиктограмма); құрамы мен материалдары (әсіресе 3 жасқа дейінгі балалар үшін маңызды); ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде көрсетілуге тиіс.
Бұдан басқа, ойыншықты таңдау кезінде өз бетінше тексеру жүргізу маңызды: бояу өшірілмеуі немесе қолға жұқпауы тиіс; шеттері тегіс және қауіпсіз болуы тиіс; жұмсақ ойыншықтар - тығыз матадан тігілуі және жыртықсыз болуы тиіс; өткір, жағымсыз иістің болмауы; әсіресе 3 жасқа дейінгі балалар үшін ұсақ бөлшектері бар ойыншықтарды таңдауды болдырмау.
Арнайы дүкендер мен тексерілген өндірушілерге басымдық беріңіз. Қауiпсiздiкке күдіктенген жағдайда - сатушыдан сәйкестік сертификатын талап етіңіз және ойыншықтағы деректер сертификатта көрсетілген мәліметпен (атауы, артикулы, өндiрушi және т.б.) сәйкес келетiнiн тексеріңіз.