
Кеше ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің төрағалық етуімен ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, өңірлік департаменттер, Ұлттық сараптама орталығы және обаға қарсы күрес станциялары басшылығы қатысқан кезекті алқа отырысы өтті.
Алқа отырысы барысында санитариялық-эпидемиологиялық қызметте кадрлар тапшылығын азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар, сыбайлас жемқорлықпен жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және оған жол бермеу мәселелері, сондай-ақ материалдық-техникалық жарақтандыру және бақылау-қадағалау қызметі мәселелері қаралды.
Алқа отырысында мамандарды даярлау және кадрлар тапшылығын азайтуға бағытталған жүйелі шараларды қабылдау халықтың денсаулығын сенімді қорғаудың басым міндеттері болып қала беретіні туралы атап айтылды. Комитет төрағасы Сархат Бейсенова өз сөзінде кадрлар тапшылығын шешу мақсатында мемлекеттік білім беру гранттарын бөле отырып, СЭС мамандарын даярлауға ғана бағытталған үздіксіз білім беру бағдарламасы қабылданғанын атап өтті. Сондай-ақ, алдағы жылға арналған міндеттер атап айтылды, кадр тапшылығын шешу үшін медициналық жоғары оқу орындары мен колледждерде білім беру сапасын арттыру үшін жаңа бастамалар ұсынылды.
Отырыс барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау, бақылау-қадағалау қызметіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, материалдық-техникалық жарақтандыру және авариялық жағдайдағы зертханалық ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізу жағдайы бойынша мәлселелер пысықталды.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормалардың талаптарын қатаң сақтау тапсырылды.