Астанада ауыз су сапасын жақсарту мәселелері талқыланды
Астана қаласында «Су және денсаулық мәселелері жөніндегі хаттама жұмысының бағдарламасын іске асыру арқылы сумен жабдықтауды, санитарияны, гигиенаны және денсаулықты жақсарту» жобасын іске қосу бойынша бастапқы отырыс өтті.
Аталған іс-шара Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің қолдауымен БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) бастамасы бойынша Халықаралық суды бағалау орталығымен ынтымақтаса отырып ұйымдастырылды.
Комитет төрағасының міндетін атқарушы Нұрқан Сәдуақасов кіріспе сөз сөйледі.
Отырысқа мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу институттарының, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, санитария және гигиена салаларында жұмыс істейтін басқа да мүдделі тараптар қатысты.
Отырыста Беларусь Республикасының тәжірибесі зерделенді, Су және денсаулық мәселелері жөніндегі хаттамаға қосылу шеңберінде Қазақстан үшін нысаналы индикаторларды қайта қарау мәселелері талқыланды, ел тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге, санитария және гигиена қызметтеріне жалпыға бірдей қол жеткізуге бағытталған бірінші кезектегі міндеттер мен қадамдар белгіленді.
Жобаны іске асыру Қазақстанның Су және денсаулық мәселелері жөніндегі хаттамаға қосылу процесінде маңызды қадам болады, бұл болашақта елдегі қауіпсіз және таза суға қолжетімділікті жақсартуға оң әсер етеді.