«Бірыңғай денсаулық» іс-қимылының негіздемелік бағдарламасын іске асыру
ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Орталық Азия елдері үшін «Бірыңғай денсаулық» вебинарына қатысты.
Вебинарды Еуразиялық экономикалық комиссияның Санитариялық, фитосанитариялық және ветеринариялық шаралар департаменті ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының қатысуымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық өңірлік бюросымен, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымымен (ДЖДҰ), БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (ФАО) және БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасымен (ЮНЕП) төрт жақты әріптестік шеңберінде өткізді.
«Бірыңғай денсаулық» - бұл тұрақты тепе-теңдік пен адамдардың, жануарлардың денсаулығын және экожүйелерді оңтайландыруға бағытталған кешенді, біріктіруші тәсіл.
Вебинарда Комитет төрағасының орынбасары З. Д. Ахметова Қазақстан Республикасында «Бірыңғай денсаулық» тәсілін енгізу тәжірибесі және ел деңгейінде өткізілген іс-шаралар туралы баяндама жасады.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы зооноздық инфекциялармен ведомствоаралық өзара іс-қимылды жүзеге асыру, микробқа қарсы препараттарға төзімділіктің профилактикасы және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Бірыңғай денсаулық» тәсілін қолдану бойынша ЕАЭО елдері арасында көшбасшы болып табылады.
Зертханалардың әлеуетін арттыру, кадрлық әлеуетті арттырудың каскадты жүйесі, жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына курстарды енгізу, микробқа қарсы препараттарды эпидемиологиялық қадағалауды іске асыру жөніндегі іс-шараларды қамтитын «Бірыңғай денсаулық» сектораралық үйлестіру тетігінің іс-қимыл жоспары әзірленді.
Вебинар қорытындысы бойынша одан әрі өңірлік ынтымақтастық, практикалық тәсілдерді қолдану және «Бірыңғай денсаулық» іс-қимыл негіздемелік бағдарламасының басымдықтарын іске асыруда бірлескен іс-шаралар өткізу туралы шешім қабылданды.