Денсаулық сақтау сарапшылары мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде биологиялық қауіптерге ден қою тетіктерін талқылады

Денсаулық сақтау сарапшылары мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде биологиялық қауіптерге ден қою тетіктерін талқылады

2023 жылғы 29 мамыр мен 2 маусым аралығында Ақтау қаласында Халықаралық медициналық-санитариялық қағидалар (2005 ж.) жөнінде: Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның ұлттық мемлекеттік денсаулық сақтау органдары, кеден және шекара қызметтері өкілдерінің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Өңірлік Еуропалық бюросының, БҰҰ жанындағы Халықаралық көші-қон ұйымының, Түркия шекаралар мен жағалау денсаулық сақтау бас басқармасы мен басқа да халықаралық ұйымдардың сарапшыларының қатысуымен тағайындалған әуежайларда, теңіз порттарында және жерүсті көлік тораптарында негізгі мүмкіндіктерге қатысты талаптарды бағалау тетігі жөнінде субөңірлік оқу семинар өткізілуде.

Субөңірлік семинарды Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ДДҰ-ның Қазақстандағы Елдік кеңсесімен бірлесіп ұйымдастырды.

Семинарда қатысушы мемлекеттердің Халықаралық медициналық-санитариялық қағидаларға (ХМСҚ) сәйкес әуежайларда, теңіз порттарында және жерүсті көлік тораптарында кіру пункттеріндегі биологиялық қауіп-қатерлерге ден қою тетігін пайдалану мәселелері талқыланды.  Бұдан басқа, елдердің өкілдері ХМСҚ-ға және COVID-19-ға қарсы күрес тәжірибесіне сәйкес инфекциялық аурулардың әкелінуіне жол бермеу және олардың халық арасында таралуын болдырмау бойынша қабылданып жатқан шаралардың тәжірибесімен бөлісті.

Сондай-ақ тыңдаушылар ДДҰ-ның әуежайлар мен теңіз порттарын сертификаттау, кемелерді инспекциялау және кеменің санитариялық куәліктерін беру жөніндегі нұсқаулықтарымен танысты. ДДҰ ұсынымдары іс жүзінде, семинар жүргізу кезіндегі оқу-жаттығуларда қолданылды.

Ақтау қаласының халықаралық әуежайында және Ақтау теңіз портында санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды жүзеге асыру бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысымен танысу қорытындысы бойынша  ДДҰ-ның сарапшылары мен семинарға қатысушылар кіру пункттеріндегі барлық бақылау қызметтерінің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қоюға жоғары деңгейдегі дайындығын және ведомствоаралық өзара іс-қимыл деңгейі жоғары екендігін атап өтті.

 Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі семинардың қорытындысы бойынша еліміздің өткізу пункттерінде ХМСҚ-ға сәйкес ішкі бағалау жүргізуді, трансшекаралық ынтымақтастық бойынша стандартты операциялық рәсімдерді әзірлеуді, санитариялық-карантиндік пункттер мамандарының біліктілігін арттыруды және өткізу пункттерінде уәкілетті органдар үшін ведомствоаралық тренингтер өткізуді жоспарлады.