
Бүгін Астана қаласында Назарбаев Университетінде өткен «Жаһандық медициналық шептер: инновациялар, орнықтылық және тәжірибе алмасу» атты бірлескен медициналық семинар аясында трансмиссивті ауруларға, тіршілік ету ортасына және апаттарға арналған үшінші сессия өтті. Сессия барысында Комитеттің Аса қауіпті инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Альбина Утемуратова «Трансмиссивті инфекциялар: тәуекелдерді бағалау және алдын алу шаралары» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндама барысында Қазақстанның трансмиссивті инфекцияларды мониторингілеу, эпидемиологиялық тәуекелдерді бағалау және профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру саласындағы тәжірибесі таныстырылды. Елде жүйелі эпидемиологиялық қадағалау жүзеге асырылатын табиғи-ошақты аурулардың бірі ретінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына (КҚГҚ) ерекше назар аударылды.
КҚГҚ мысалында тәуекелдерді уақтылы анықтау және бағалау, эпидемиологиялық жағдайды мониторингілеу, сондай-ақ инфекцияның халық арасында таралуының алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шараларды жүргізу тәсілдері қарастырылды.
Қазақстанның таныстырылған тәжірибесі халықаралық тәжірибе алмасудың бір бөлігі болып, трансмиссивті инфекциялармен күресте сектораралық өзара іс-қимылдың, тұрақты мониторингтің және профилактикалық шаралардың маңыздылығын көрсетті.