
2026 жылғы 15 қыркүйекте Алматы қаласында Санитариялық-эпидемиологиялық қызметі жұмыскерлерінің кәсіби меркесіне және ел тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған алғашқы Конгресі өтті.
Конгресс Қазақстанның барлық өңірлерінің санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің басшылары мен мамандарын, сала ардагерлерін, мемлекеттік органдардың, медициналық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының, халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің өкілдерін қоса алғанда, 700-ден астам қатысушыны біріктірді.
Конгресті аша отырып, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев алғашқы Конгрестің өтуінің маңыздылығын атап өтіп, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына жүктелетін ерекше жауапкершілікке тоқталды. «Бүгін мұнда халықтың денсаулығын қорғау жай ғана мамандық емес, жоғары кәсібилікті, принципшілдікті және өз ісіне адалдықты талап ететін күнделікті жауапкершілік деп білетін адамдар жиналды», – деп атап өтті Т. Сұлтанғазиев.
Конгреске оның тарихи күн тәртібі ерекше мән берді. Биыл отандық ғылымның және аса қауіпті инфекцияларға қарсы іс-қимыл жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым, профессор Масғұт Айқымбаевтың туғанына 110 жыл, сондай-ақ Қазақстандағы санитариялық-бактериологиялық зертханалардың қалыптасқанына 105 жыл толып отыр.
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова алғашқы Конгрестің кәсіби тәжірибені біріктіру және қызметтің заманауи міндеттерін талқылау алаңына айналғанын атап өтті. «Бүгін мұнда қызметіміздің тарихы, тәжірибесі және болашағы тоғысып отыр. Конгресіміздің ерекше құндылығы да осында. Біз тәжірибе алмасып, мәселелерді ашық талқылап, бір-бірімізді тыңдап, қызметіміздің болашағын бірге айқындай аламыз», – деді Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер.
Конгресс жұмысының маңызды бағыты халықаралық ынтымақтастық болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Скендер Сыла және шетелдік қонақтар санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қоғамдық денсаулық сақтау жүйесіндегі маңыздылығын атап өтіп, инфекциялық аурулардың алдын алу, эпидемиологиялық қадағалау және заманауи қауіп-қатерлерге ден қою мәселелері бойынша өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың қажеттігін атап өтті.
Пленарлық отырыс аясында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің дамуы туралы баяндамалар ұсынылып, сала ардагерлерін құрметтеу және оның дамуына елеулі үлес қосқан мамандарды марапаттау рәсімі өтті.
Жұмыс халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етудің заманауи сын-қатерлері мен перспективаларына, санитариялық-бактериологиялық зертханалардың қалыптасуының 105 жылдығына және профессор М. Айқымбаевтың ғылыми мұрасына арналған үш тақырыптық секцияда жалғасты.
Қатысушылар зертханалық инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру, эпидемиологиялық мониторингті жетілдіру, ғылыми ынтымақтастық, кадрлық әлеует және биологиялық қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
«Бірыңғай денсаулық» тұжырымдамасына ерекше назар аударылды. Ол экологиялық және климаттық факторларды ескере отырып, адам, жануарлар және өсімдіктер ауруларының алдын алуға кешенді тәсілді көздейді.
Конгресс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының санитариялық-эпидемиологиялық қызметін одан әрі дамытудың және оның әлеуетін нығайтудың негізгі бағыттарын айқындайтын Резолюция қабылданды.