Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылық 11%-ға төмендеді

Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылық 11%-ға төмендеді

Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылық бойынша оң динамика сақталуда: 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша тіркелген жағдайлар саны 11%-ға дейін төмендеді. Ел бойынша сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 14,23-ті құрады. Эпидемиологиялық жағдайды және медициналық ұйымдардың жұмысын мониторингтеу қорытындылары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында қаралды.

ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова халық арасында туберкулездің алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстың негізгі нәтижелерін таныстырды. Атап айтқанда, жасөспірімдер арасында сырқаттанушылық 20,4%-ға төмендеді, 14 жасқа дейінгі балалар арасында да оң динамика байқалады. Бұл ретте балалардағы туберкулез жағдайларының үштен біріне жуығы медициналық көмекке өздігінен жүгіну кезінде анықталады.

Туберкулездің қайталама жағдайларының саны 12,1%-ға төмендеді.

Профилактикалық іс-шаралар аясында флюорографиялық тексерумен жоғары тәуекел топтарына жататын халықтың 95,9%-ы қамтылды. Жаңа туған нәрестелердің 88,5%-ына туберкулезге қарсы вакцина егілді. Осыған байланысты ата-аналар арасында вакцинациядан бас тартудың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу күшейтілуде.

Мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың жаңа форматы аясында ағымдағы жылдың сәуір-маусым айлары аралығында балалар арасында туберкулезге қарсы эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге қойылатын талаптардың сақталуы тұрғысынан денсаулық сақтау объектілерінің 99,6%-ына ауқымды мониторинг жүргізілді.

Инфекциялық бақылау және скринингтерді ұйымдастыру саласында анықталған бұзушылықтар бойынша 7 144 нұсқама берілді, олардың 60%-дан астамы орындалды. Сонымен қатар тиісті жедел ден қою шаралары қабылданды.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша эпидемиологиялық тәуекелі жоғары өңірлерде туберкулезді ерте диагностикалауды күшейту, сондай-ақ туберкулезбен ауыратын науқастарды диспансерлік бақылаудың сапасын арттыру және байланыста болған адамдарға тиісті бақылауды қамтамасыз ету жөнінде міндеттер қойылды.