Бүгін Ақтау қаласында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңында «Білім беру ұйымдарында тамақтану стандартының іске асырылуын бақылауды ұйымдастыру» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Семинардың негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарында тамақтануды ұйымдастыруға қойылатын жаңа стандарт талаптарын жан-жақты түсіндіру, оларды тәжірибеде тиімді іске асыру мәселелерін талқылау және мүдделі мемлекеттік органдар арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту.
Семинарға Комитеттің Тамақтану, білім беру және тәрбиелеу объектілерін бақылау басқармасының басшысы Г.Қожатова, «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының санитариялық дәрігері, Қазақ тағамтану академиясының өкілдері, Маңғыстау облыстық білім беру және денсаулық сақтау басқармаларының, аумақтық білім бөлімдерінің өкілдері, мектеп директорлары мен медицина қызметкерлері, бракераж комиссияларының мүшелері, мектептердің асханаларын жалға алушы кәсіпкерлер, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қалалық және аудандық басқармаларының мамандары қатысты. Іс-шара офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, оған 400-ден астам адам қатысты.
Семинар барысында мектептерде тамақтану стандартын енгізу мен бақылаудың өзекті мәселелері талқыланып, қатысушыларға нормативтік-құқықтық талаптар мен оларды қолдану тәртібі бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан толық жауап алды. Сонымен қатар жаңа оқу жылы қарсаңында мектептегі тамақтану сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар практикалық ұсынымдар берілді.