
2026 жылғы 7 шілдеде Комитет төрағасы – Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова Ұлттық сараптама орталығының алаңында Қытай Халық Республикасының Бас кедендік бақылау басқармасы Санитариялық-карантиндік бақылау департаментінің өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасындағы санитариялық-карантиндік бақылау саласында тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында мемлекеттік шекараны санитариялық қорғау саласындағы ынтымақтастық және санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыру бойынша тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ тараптар пандемиялық қатерлерге дайындықты қамтамасыз етуге, оның ішінде профилактика, дайындықты қамтамасыз ету және ден қою шараларына қатысты Халықаралық медициналық-санитариялық қағидаларға енгізілген өзгерістерді іске асыру мәселелерін қарастырды.
Қазақстан Республикасына жұмыс сапары аясында Қытай делегациясының өкілдері Астана халықаралық әуежайындағы санитариялық-карантиндік пункттің қызметімен де танысты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар мемлекеттік шекараны санитариялық қорғау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, тәжірибе алмасуды жалғастыруға және өзара іс-қимылды дамытуға дайын екендіктерін растады.