
Жылы маусымның басталуымен кене белсенділігі артады. Кенелер қауіпті жұқпалы аурулардың, соның ішінде кене энцефалитінің қоздырғыштарын тасымалдауы мүмкін. Табиғат аясында демалу, саябақтарға, орманды және таулы аймақтарға бару кезінде кене шағу қаупі жоғарылайды.
Қазақстанда кене энцефалитінің табиғи ошақтары барлық өңірлерде кездеспейді. Эндемиялық аумақтарға Алматы қаласы және оның маңы, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары, Абай облысының Көкпекті ауданы, Ақмола облысының Сандықтау ауданы және Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданы жатады.
Кене шағуының алдын алу үшін жабық киім мен бас киім кию, репелленттер қолдану, сондай-ақ табиғи аумақтардан оралғаннан кейін денені, киімді, үй жануарларын және бірге әкелінген заттарды мұқият тексеру ұсынылады.
Кене шаққан жағдайда мүмкіндігінше ертерек медициналық көмекке жүгіну қажет. Медицина қызметкері жағдайды бағалап, қажетті профилактикалық және бақылау шараларын айқындайды. Иммуноглобулин енгізу мәселесі медициналық көрсетілімдерді ескере отырып, әрбір жағдайда медицина қызметкерімен жеке тәртіпте шешіледі.
Егер кене шаққаннан кейін дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, айқын әлсіздік, жүрек айну, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, шаққан жердің қызаруы, бұлшықеттер мен буындардың ауыруы сияқты белгілер пайда болса, дереу дәрігерге қаралу қажет.
Денсаулығыңызды сақтаңыз! Қарапайым алдын алу шараларын сақтау және медициналық көмекке уақтылы жүгіну кене арқылы таралатын инфекцияларды жұқтыру қаупін төмендетуге көмектеседі.