Серозды менингит: өзіңізді және жақындарыңызды қалай қорғауға болады

Серозды менингит: өзіңізді және жақындарыңызды қалай қорғауға болады

Жаз мезгілі – демалысқа шығып, саяхаттап, су айдындарында шомылатын уақыт. Алайда дәл осы жыл мезгілінде серозды менингит ауруының маусымдық өсуі байқалады, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында.

Серозды менингит – көбінесе вирустардың, соның ішінде энтеровирустардың әсерінен туындайтын ми мен жұлын қабықтарының қабынуы.

Ауру ауа-тамшылы жолмен, лас қолдар мен тұрмыстық заттар арқылы, ластанған тағамдар мен суды пайдалану кезінде, сондай-ақ қауіпсіздігі талапқа сай емес су айдындарында шомылу барысында жұғуы мүмкін. Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, қатты бас ауруы, жүрек айну, құсу, әлсіздік, жарыққа сезімталдықтың артуы және мойын бұлшықеттерінің тартылуы жатады. Осындай белгілер байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.

Аурудың алдын алу үшін қолды сабынмен мұқият жуу, сапалы ауыз суды пайдалану, тағамдарды сақтау талаптарын орындау, көкөністер мен жемістерді жақсылап жуу, вирустық инфекция белгілері бар адамдармен қарым-қатынасты шектеу, сондай-ақ үй-жайларды жиі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу ұсынылады.

Су жағасында демалу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға ерекше назар аудару қажет: тек ресми түрде рұқсат етілген орындарда шомылу, суды жұтып қоймау және ластанған су айдындарында шомылмау керек.

Жеке бас гигиенасының қарапайым ережелерін сақтау және қауіпсіз жүріс-тұрыс аурудың алдын алуға және бүкіл отбасының денсаулығын қорғауға көмектеседі.