
Комитет Ермек Нығметұлы Сраубаевтың дүниеден өтуіне байланысты оның туған-туыстарына, жақындарына, әріптестеріне, шәкірттеріне және оны таныған барша жандарға қайғыра көңіл айтады.
Қазақстанның медициналық ғылымын, еңбек гигиенасын, кәсіптік патологияны, экологияны және халық денсаулығын сақтау жүйесін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей жаратылыстану академиясының академигі өмірден озды.
Ермек Нығметұлының бүкіл еңбек жолы ғылымға адал қызмет етуге және еліміздің азаматтарының денсаулығын нығайтуға арналды. Оның халық денсаулығына экологиялық және өндірістік факторлардың әсерін зерттеуге арналған іргелі ғылыми еңбектері Қазақстандағы санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты дамытуға елеулі үлес қосты. Оның жетекшілігімен ірі мемлекеттік және халықаралық ғылыми жобалар жүзеге асырылып, санитариялық нормалар мен қағидалар әзірленді, көптеген ғалымдар мен мамандар тәрбиеленді.
Ермек Нығметұлы ұзақ жылдар бойы жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарын басқарып, кәсіби ортада зор беделге ие болды. Ол данагөй ұстаз, ғылымды ұйымдастырудың талантты қайраткері ретінде танылды. Оның жоғары кәсібилігі, таңдаған ісіне деген адалдығы және ел мүддесіне қалтқысыз қызметі әріптестері мен шәкірттерінің зор құрметіне бөленді.
Ермек Нығметұлы Сраубаевтың жарқын бейнесі отандық денсаулық сақтау мен медицина ғылымының тарихында, әріптестері мен шәкірттерінің және онымен бірге еңбек ету бақытына ие болған барша азаматтардың жүрегінде мәңгі сақталады.
Орны толмас қазаға байланысты қайғыға ортақтасып, оның отбасы мен жақындарына қолдау білдіреміз.
Жарқын бейнесі мәңгі жадымызда.