
Жазғы маусым қарсаңында Қазақстанда туристік аймақтар мен жаппай демалыс орындарында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда. Туристік инфрақұрылым объектілерінде, оның ішінде жағажайларда, қонақүйлерде, демалыс базаларында, қоғамдық тамақтану кәсіпорындары мен бассейндерде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына ерекше назар аударылуда.
Жазғы маусымға дайындық шеңберінде санэпидқызмет органдары объектілердің дайындығына бағалау жүргізіп, анықталған бұзушылықтарды жою және қызметті санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендіру бойынша ұсынымдар береді.
Комитеттің аумақтық бөлімшелері тұрақты негізде объектілердің санитариялық жағдайына мониторинг жүргізіп, профилактикалық іс-шаралар мен бизнес субъектілері арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруда. Негізгі міндет – халық денсаулығына төнетін қауіптердің алдын алу және демалушылар үшін қауіпсіз жағдай жасау.
Қолданыстағы санитариялық қағидаларға сәйкес туристік объектілер қауіпсіз сумен жабдықтау және су бұру жүйелерімен, тұрақты тазалау және дезинфекциялау жұмыстарымен, сондай-ақ келушілердің жеке гигиенаны сақтауына қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілуі тиіс. Су сапасын өндірістік бақылау және зертханалық мониторингтеу маңызды рөл атқарады.
Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг шеңберінде су сапасы мен қоршаған ортаның жай-күйіне зерттеулер жүргізілді. Атап айтқанда, І санаттағы су айдындарынан алынған 352 су сынамасының 14-і санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша талаптарға сәйкес келмеді. ІІ санаттағы су айдындарынан алынған 156 су сынамасының 5-інде сәйкессіздіктер анықталды.
Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінде 18 803 су сынамасы зерттелді, оның ішінде 278 сынама санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша, ал 101 сынама микробиологиялық көрсеткіштер бойынша талаптарға сәйкес келмеді. Бұдан бөлек, топырақ сынамаларына зерттеулер жүргізілді: 59 сынама санитариялық-химиялық көрсеткіштерге, 13 сынама бактериологиялық көрсеткіштерге және 5 сынама гельминт жұмыртқаларының болуына зерттелді. Зерттеу нәтижелері бойынша топырақ сынамаларынан сәйкессіздіктер анықталған жоқ.
Анықталған барлық сәйкессіздік фактілері бойынша қажетті шаралар қабылдау және басқарушылық шешімдер шығару үшін жергілікті атқарушы органдарға хаттар жолданды.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар инфекциялық аурулардың туындау қаупін төмендетуге, туристік қызметтердің сапасын арттыруға және азаматтар мен ел қонақтарының қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуге бағытталған.