
2026 жылғы 2–3 маусым күндері Астанада БҰҰ ЕЭК пен ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының Су және денсаулық мәселелері жөніндегі хаттамасын іске асыру бойынша ұлттық отырыс өтуде. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ сумен жабдықтау, санитария және қоғамдық денсаулық сақтау салаларының мамандары қатысуда.
Іс-шараны аша отырып, Комитет төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов халықты қауіпсіз ауыз сумен, санитария және гигиена қызметтерімен қамтамасыз ету үшін салааралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
Отырыс барысында халықаралық Score-card әдіснамасы негізінде жүргізілген Қазақстандағы су мен санитарияға тең қолжетімділікті өзін-өзі бағалаудың алдын ала нәтижелері таныстырылды. Бағалау мемлекеттік басқару, саланы қаржыландыру, аумақтық теңсіздікті қысқарту, халықтың осал топтарының қажеттіліктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ сумен жабдықтау, санитария және гигиена қызметтерінің қолжетімділігі мәселелерін қамтыды.
Қатысушылар Қазақстанның сумен жабдықтау және санитария жүйелерін дамытудағы жетістіктерін, сондай-ақ халықаралық міндеттемелер мен БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес мемлекеттік саясатты жетілдіру жөніндегі алдағы қадамдарды талқылады.
Хаттама бойынша ұлттық мақсатты көрсеткіштерді қайта қарау мәселесіне ерекше назар аударылды. Өзін-өзі бағалау нәтижелері халықтың қауіпсіз ауыз суға, санитария мен гигиенаға тұрақты әрі тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған одан арғы шаралардың негізі болады.
Жүргізілген өзін-өзі бағалау Қазақстанда Хаттаманы іске асырудағы маңызды кезең болды және елдің халық денсаулығын қорғау, сумен байланысты аурулардың алдын алу және негізгі қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету қағидаттарына бейілділігін растады.