Қант құрамды сусындарды тұтынуды азайту бойынша халыққа арналған ұсынымдар

Қант құрамды сусындарды тұтынуды азайту бойынша халыққа арналған ұсынымдар

Комитет жұқпалы емес аурулардың алдын алудың маңызды шарасы ретінде қант құрамды сусындарды тұтынуды азайту қажеттілігіне халықтың назарын аударады.

Қазіргі өмір ырғағында тәтті газдалған сусындар, энергетикалық сусындар, сондай-ақ қалпына келтірілген шырындар күнделікті рационның кең таралған бөлігіне айналды. Сонымен қатар, қосылған қантты шамадан тыс тұтыну бірқатар созылмалы аурулардың дамуындағы негізгі қауіп факторларының бірі болып табылады.

Қант құрамды сусындар «бос калориялардың» көзі болып табылады: олар ұзақ уақытқа тоқтық сезімін бермейді, бірақ қандағы глюкоза деңгейінің күрт көтерілуіне әкеледі. Оларды тұрақты тұтыну II типті қант диабетінің, семіздіктің, жүрек-қан тамырлары ауруларының, сондай-ақ тіс жегісінің даму қаупінің жоғарылауымен байланысты.

330 мл көлеміндегі газдалған сусынның бір порциясында 10 шай қасыққа дейін қант болуы мүмкін, бұл оның тәуліктік ұсынылатын тұтыну мөлшерінен асып түседі.

Денсаулықты сақтау мақсатында Комитет мыналарды ұсынады:

  • өнімнің таңбалануындағы ақпаратты, әсіресе 100 мл өнімдегі қант мөлшерін мұқият зерделеу;
  • Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес еркін қанттарды тұтынуды шектеу — рационның жалпы калориясының 5%-дан азы (ересек адам үшін күніне шамамен 25 грамм немесе 6 шай қасық);
  • тәтті сусындарды тұтынуды біртіндеп азайту, олардың көлемін қысқарту;
  • шырындарды тұтынғанда оларды сумен сұйылтып, судың үлесін біртіндеп арттыру;
  • «сұйық тіскебасарлардан», оның ішінде сироп қосылған кофе сусындары мен энергетиктерден аулақ болу, өйткені олар бір порцияда қанттың тәуліктік мөлшерін қамтуы мүмкін.

Балалардың тамақтануына ерекше назар аудару қажет: екі жасқа дейінгі балаларға қосылған қант бар өнімдерді тұтыну ұсынылмайды.

Қант құрамды сусындарды тұтынуды азайту жалпы әл-ауқатты жақсартуға, асқазан-ішек жолдарының жұмысын қалыпқа келтіруге, созылмалы аурулар қаупін төмендетуге және энергияның оңтайлы деңгейін сақтауға ықпал етеді.