Еңбек медицинаcындағы цифрландыру және жаңа тәсілдер: Астанада кәсіби тәуекелдерді төмендету мәселесі талқыланды

Еңбек медицинаcындағы цифрландыру және жаңа тәсілдер: Астанада кәсіби тәуекелдерді төмендету мәселесі талқыланды

Астанада 28–30 сәуір аралығында Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша 14-ші Қазақстан халықаралық конференциясы өтуде.

Комитеттің басқарма басшысы Нұржан Қисабеков еңбек жағдайларын санитариялық-эпидемиологиялық бағалау және оның кәсіби тәуекелдерді басқарумен байланысы туралы баяндама жасады. Ол қызметкерлердің денсаулығын сақтауда тек зиянды факторларды дәстүрлі бақылау мен міндетті медициналық тексерулермен шектелмей, кешенді тәсілдің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ДДҰ мен ХЕҰ халықаралық стандарттарына, тұрақты даму мақсаттарына ерекше назар аударылатыны айтылды.

2025 жылы Комитеттің аумақтық бөлімшелері 312 нысанды тексеріп, оның 17%-ында санитариялық талаптардың бұзылуы анықталды. Бірқатар өңірлерде зиянды заттар мен физикалық факторлар — шу, діріл және электромагниттік өрістер бойынша нормалардың асып кетуі тіркелді.

Кәсіби аурулардың негізгі себептері ретінде ескірген технологиялар мен жабдықтар, сондай-ақ жұмыс орындарын ұйымдастырудағы кемшіліктер аталды.

Жағдайды жақсарту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасын бекітті. Құжат нормативтік базаны жаңартуды, цифрландыруды, инфрақұрылым мен кадрлық әлеуетті дамытуды көздейді. Негізгі бастамалардың қатарында «Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау» ақпараттық жүйесін енгізу және ДДҰ-ның «Салауатты жұмыс орындары» жобасын іске асыру бар.

Жүйелі шаралар мен ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту Қазақстанда кәсіби аурулар деңгейін төмендетіп, еңбек қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.