
Комитет төрағасы С.Бейсенова Алматы облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыстық департаменттің, аудандық және қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының, сондай-ақ зертханалық қызметтің басшыларының қатысуымен көшпелі кеңес өткізді.
Іс-шара барысында Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен Ұлттық сараптама орталығы филиалының 2023–2025 жылдардағы қызмет нәтижелері, сондай-ақ ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс қорытындылары қаралды.
Тұрғындардың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатына әсер ететін негізгі көрсеткіштер мен тәуекел факторлары талқыланды. Эпидемиологиялық қадағалау, зертханалық бақылау, мониторингтің тиімділігі, эпидемияға қарсы іс-шаралардың сапасы, мемлекеттік қызметтерді көрсету, мектептегі тамақтануды ұйымдастыруды бақылау және санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы мәселелеріне ерекше назар аударылды. Айтылған барлық ескертулер мен оларды жою бойынша берілген тапсырмалар бақылауға алынды.
Жұмыс сапарының жалғасы ретінде Жамбыл ауданына барды. Мұнда С. Бейсенова аудан әкімдігі өкілдерімен, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ардагерлерімен, жұртшылықпен және аудан активімен бірге күрделі жөндеуден кейін аудандық СЭС басқармасының әкімшілік ғимаратының салтанатты ашылуына қатысты.
Аталған нысанның пайдалануға берілуі Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орайластырылғаны атап өтілді. Жұмыс сапары аясында қатысушылар сондай-ақ ұлы ақынның мұражайына барып, оның өмірі мен шығармашылығын бейнелейтін бірегей материалдармен танысып, ұлттық мұраға тағзым етті.