
Құтыру — жүйке жүйесін зақымдайтын және уақтылы медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда өлімге әкелетін аса қауіпті жұқпалы ауру. Инфекцияның негізгі көзі — сілекейі арқылы вирус бөлетін ауру жабайы және үй жануарлары. Жұқтыру тістеу, тырнау немесе зақымданған теріге сілекей түсуі арқылы болады. Инкубациялық кезең 10 күннен бір жылға дейін созылуы мүмкін және зақымдану орнына байланысты: тістелген жер басқа неғұрлым жақын болса, аурудың тез дамуы қаупі соғұрлым жоғары. Әсіресе бет, бас, қол мен аяққа түскен жарақаттар өте қауіпті.
Жыл сайын республика бойынша жануарлардың тістеуі мен тырнауы салдарынан 50 мыңнан астам адам медициналық көмекке жүгінеді. Олардың 99%-ы профилактикалық вакцина алады, ал 1%-ға дейінгісі вакцинациядан бас тартады.
Құтырудың алдын алу үшін қаңғыбас және белгісіз жануарлармен байланыстан аулақ болу, оларды ұстамау және агрессия тудырмау, жануарларды тамақтану кезінде немесе мекендейтін жерінде мазаламау қажет.
Балаларды жануарлармен қауіпсіз қарым-қатынас жасауға үйретуге ерекше көңіл бөлген жөн. Үй жануарларының иелері уақтылы вакцинация жүргізіп, оларды қарғыбаумен серуендетіп, қаңғыбас жануарлармен байланысына жол бермеуі және мінез-құлқында өзгерістер байқалған жағдайда ветеринар мамандарға жүгінуі тиіс.
Тістеу, тырнау немесе сілекей түскен жағдайда жараны дереу сабынды сумен жуып, мүмкіндігінше тезірек медициналық мекемеге қаралу қажет.
Уақтылы жүргізілген профилактикалық вакцинация — аурудың дамуын болдырмаудың жалғыз тиімді жолы.
Осы шараларды сақтау құтыру жұқтыру қаупін едәуір төмендетіп, денсаулықты сақтауға мүмкіндік береді.