Астанада санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің жұмыс қорытындылары шығарылды

Астанада санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің жұмыс қорытындылары шығарылды

Бүгін Астанада ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа Бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиев төрағалық жасады.

Отырыста аумақтық департаменттердің, Ұлттық сараптама орталығының және оның филиалдарының, сондай-ақ обаға қарсы станциялардың басшылары қатысты.

Негізгі баяндамалармен Комитеттің төрайымы С. Бейсенова, төраға орынбасарлары Н. Сәдуақасов, М. Рахимжанова, А. Мұхаметқалиева және басқарма басшысы Ж. Халелов сөз сөйледі.

Қатысушылар есептік кезеңдегі санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің жұмыс қорытындыларын шығарып, одан әрі дамудың негізгі басымдықтарын талқылады. Олардың қатарында — жұмыс процестерін цифрландыру, заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік бақылау мен көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бар.

Отырыстың қорытындысы бойынша қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, «СЭҚ» ақпараттық жүйесін жүргізуге жеке жауапкершілікті күшейту, электрондық медициналық кітапшаларды енгізу және пайдалану бойынша тиісті бақылауды қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмысты жалғастыру, бюджеттік қаражат игерілуін ай сайын мониторингтеу, әкімшілік заңнаманың талаптарын қатаң сақтау, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдардың өтініштерімен жұмыс сапасын арттыру міндеттелді.

Өткізілген отырыс Қазақстан Республикасында санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың ашықтығын, цифрлық трансформациясын және тиімділігін одан әрі арттырудағы жүйелі бағыттың жалғасуын көрсетті.