
2026 жылғы 9–13 ақпан аралығында Женеваға жасалған жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы делегациясы Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі конвенцияның Жұмыс тобының 8-сессиясына қатысып, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және жаһандық биологиялық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға өз үлесін қосты.
Қазақстан делегациясының құрамына Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері кірді.
Сессия барысында қатысушылар мемлекеттер арасындағы ашықтық пен сенімді арттырудың негізгі мәселелерін, ұлттық биологиялық қауіпсіздік және биоқорғау жүйелерін дамыту, сондай-ақ биологиялық қатерлерге ден қою тетіктерін жетілдіру мәселелерін талқылады.
Қазақстан тарапы биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде кешенді тәсілдің маңыздылығын атап өтті. Оның ішінде ғылыми әлеуетті дамыту, эпидемиологиялық қадағалауды күшейту, санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыру және халықаралық ақпарат алмасу мен үздік тәжірибелерді кеңейту мәселелері бар.
Сессия жұмысына қатысу серіктестермен тәжірибе алмасуға және жаһандық биологиялық қауіпсіздік саласындағы алдағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.