ҚЫЗЫЛШАҒА БАЙЛАНЫСТЫ АТА-АНАЛАРҒА ҮНДЕУ

ҚЫЗЫЛШАҒА БАЙЛАНЫСТЫ АТА-АНАЛАРҒА ҮНДЕУ

Құрметті қазақстандықтар, қадірлі ата-аналар!

Сіздерге еліміздегі қызылша бойынша қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты үндеу жасап отырмыз.

2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылдың қорытындысы бойынша қызылшаға шалдығу деңгейі 85%-ға төмендегеніне қарамастан, өткен жылдың қараша айынан бастап ауру жағдайларының қайта өсе бастағаны байқалуда.

Алаңдатарлық жайт – науқастардың басым бөлігін екпе алмаған балалар құрайды. Ауруға шалдыққандардың 79%-ы қызылшаға қарсы мүлде вакцина алмаған, ал 8%-дан астамы вакцинацияның толық курсын өтпеген.

Сырқаттанған балалардың 59%-ы ата-аналардың вакцинациядан бас тартуына байланысты егілмеген.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет барлық қажетті профилактикалық және індетке қарсы іс-шараларды қабылдап жатыр.
Алайда эпидемиологиялық жағдайды толық тұрақтандыру әзірге мүмкін болмай отыр. Қазіргі таңда инфекцияның таралуының негізгі себебі – ата-аналардың балаларын вакцинациялаудан бас тартуы.

Тек 2025 жылдың өзінде профилактикалық егулерден 19 мыңнан астам бас тарту жағдайы тіркелді. Бұл ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне және қызылша бойынша жағдайдың нашарлауына әкелді.

Құрметті ата-аналар, есте сақтаңыздар: қызылша – ең жұқпалы вирустық аурулардың бірі. Егілмеген жағдайда ол пневмонияға, жүйке жүйесінің зақымдалуына, мүгедектікке, тіпті өлімге дейін алып келуі мүмкін.

Қорғанудың жалғыз сенімді жолы – вакцинация. Қызылшаға қарсы екпе жақсы қабылданады, ұзақ мерзімді иммунитет қалыптастырады және инфекцияның өзінен де, оның ауыр салдарларынан да тиімді қорғайды.

Балаларыңыздың денсаулығы мен болашағы – өз қолдарыңызда. Оларды сенімді қорғаныстан айырмаңыздар. Вакцинация – тек өз балаңыздың ғана емес, айналаңыздағы адамдардың денсаулығы үшін де жауапкершілік.