
Алматы халықаралық әуежайында қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қою бойынша ведомствоаралық оқу-жаттығулар өткізілді. Оқу-жаттығу кіру пункті қызметтерінің аса қауіпті инфекцияларды, оның ішінде Нипах вирусын анықтау және оқшаулау бойынша дайындығын тексеруге бағытталды.
Оқу-жаттығуларға санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің, жедел медициналық жәрдемнің, инфекциялық стационардың мамандары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, кеден қызметі, полиция департаменті, сондай-ақ Алматы қаласының халықаралық әуежайының өкілдері қатысты.
Сценарийге сәйкес Нипах вирусына күдік тудыратын жолаушы анықталды. Барлық қызметтер әрекеттердің толық алгоритмін — бастапқы санитариялық-карантиндік бақылау мен оқшаулаудан бастап, шартты науқасты ауруханаға жатқызу, эпидемияға қарсы және дезинфекциялық іс-шараларды жүргізуге дейін пысықтады.
Оқу-жаттығулар қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейдегі дайындығы мен үйлесімділігі расталды. Қолданыстағы алгоритмдердің әлеуетті биологиялық қатерлерге жедел ден қоюға және халық үшін тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Іс-шара соңында өткізілген жұмыс кеңесінде атқарылған жұмыстар талданып, өзара іс-қимылды одан әрі күшейту бойынша ұсынымдар әзірленді.
Мұндай оқу-жаттығуларды өткізу мемлекеттік шекараның санитариялық қорғау жүйесінің маңызды элементі болып табылады және елдің санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады.
Анықтама: 2025 жылы санитариялық-карантиндік бақылаудан 7,2 миллион жолаушы өтті. 86 адамда эпидемиологиялық қауіптіліктің жоғары белгілері анықталып, олардың барлығы медициналық қызметкерлердің тексеруінен өтті. Аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ.