ББҚ цифрлық таңбалау: Қазақстандағы пилоттық жобаның қорытындылары

ББҚ цифрлық таңбалау: Қазақстандағы пилоттық жобаның қорытындылары

Бүгін Алматы қаласында Комитет Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператор — «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) сәйкестендіру құралдарымен таңбалау бойынша пилоттық жобаның аяқталуына арналған қорытынды кеңес өткізді. Іс-шараға пилоттық жоба жұмыс тобының мүшелері, ББҚ өндірушілері мен импорттаушыларының 40-тан астам өкілі, салалық қауымдастықтардың өкілдері, «Атамекен» ҰКП сарапшылары, сондай-ақ Қазақ тағамтану академиясының мамандары қатысты.

Қорытынды кеңес барысында Комитет төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуакасов пилоттық жоба ББҚ-ны міндетті цифрлық таңбалауға көшуге нарықты даярлаудың маңызды кезеңі болғанын атап өтті: «Міндетті таңбалауды енгізу ББҚ айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге, адал бизнесті және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, өнімді сәйкестендіруге және заңбұзушылықтарға жедел ден қоюға бағытталған. Тұтынушылар мобильді сервистерді пайдалану арқылы ББҚ-ның түпнұсқалығын өз бетінше тексеруге және өнім туралы сенімді ақпарат алуға мүмкіндік алады».

Пилоттық жобаға ерікті негізде тауар өткізу тізбегінің барлық буындарын — өндірушілерді, импорттаушыларды, көтерме және бөлшек сауда субъектілерін қамтитын 20 ұйым қатысты. Барлығы 12 сынақ жүргізіліп, олар таңбалау кодтарын қолданудан бастап бөлшек саудада өнімді айналымнан шығаруға дейінгі қадағалаудың толық циклін қамтыды.

Сынақ нәтижелері таңбалау процестерінің өндірістік және қоймалық қолданыстағы операцияларға өнімділік пен логистика жылдамдығын төмендетпей толықтай біріктірілетінін көрсетті.

Пилоттық жоба сәтті деп танылып, нарық қатысушыларының ББҚ-ны міндетті цифрлық таңбалауды енгізуге дайын екендігін растады. Оның нәтижелері Қазақстан Республикасында ББҚ-ны таңбалау мен қадағалауды енгізу жөніндегі кейінгі шешімдерді қабылдау барысында пайдаланылатын болады.