
Көкөністер мен жемістер дұрыс тамақтанудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады, олар денсаулықты сақтау үшін қажетті дәрумендердің, минералды заттардың және тағамдық талшықтардың көзі саналады. Кеден одағының «Тағамдық қоспалардың, хош иістендіргіштердің және технологиялық көмекші құралдардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентіне сәйкес жемістердің сырт қабатын өңдеу үшін келесі тағамдық консервант-қоспаларды қолдануға рұқсат етіледі: микрокристалдық балауыз (E905ci), тотығылған полиэтилен балауызы (E914), сорбин қышқылы (E200), калий сорбаты (E202). Аталған тағамдық қоспалардың техникалық регламентпен белгіленген ең жоғары рұқсат етілген деңгейлері адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз болып табылады.
Мемлекеттік бақылау аясында жемістер Кеден одағының «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінде белгіленген көрсеткіштер бойынша зерттеледі: микробиологиялық көрсеткіштер (патогенді микроағзалар), токсикологиялық көрсеткіштер (ауыр металдардың тұздары), паразитологиялық көрсеткіштер (гельминт жұмыртқалары мен ішектік патогенді қарапайымдылардың цисталары), нитраттар мен пестицидтердің мөлшері.
2025 жылдың 11 айында 1 700-ден астам жеміс сынамасы зерттелді, оның ішінде 1 000-нан астамы импорттық өнімдер. Зерттеу нәтижелері бойынша мынадай бұзушылықтар анықталды: таңбалау талаптарының бұзылуы – 86 %, нитраттардың рұқсат етілген деңгейден асуы – 9,1 %, бактериялық ластану – 6,9 %.
Анықталған бұзушылықтар бойынша жедел әрекет ету шаралары ретінде 116 шара қабылданды. Белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін 0,5 тоннадан астам жеміс сауда айналымынан алынды.
Халық денсаулығына төнетін қауіптерді азайту мақсатында жемістерді сақтау шарттары мен жарамдылық мерзімі сақталатын, сондай-ақ тауарға ілеспе құжаттары, фитосанитариялық сертификаттары және сәйкестік декларациялары бар сауда орындарынан сатып алу ұсынылады. Жемістерді тұтынар алдында міндетті түрде өңдеу қажет, оның ішінде жылы ағынды суда щетка немесе губка қолдана отырып мұқият жуу ұсынылады. Қажет болған жағдайда жемістерді суық суға салып қоюға немесе қалдық ластаушы заттардың мөлшерін азайту үшін әлсіз сода ерітіндісін қолдануға болады.