Органикалық өнімді өндіру мен айналымына қойылатын талаптар

Органикалық өнімді өндіру мен айналымына қойылатын талаптар

Органикалық өнім тұтынушылар арасында тұрақты түрде өсіп келе жатқан сұранысқа ие. Бұл санатқа синтетикалық пестицидтерді, өсу гормондарын, антибиотиктерді, генетикалық түрлендірілген организмдерді және басқа да тыйым салынған заттарды қолданбай өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері жатады. Олардың қатарына дәнді дақылдар, көкөністер, жемістер, саңырауқұлақтар, тұқымдар, жабайы өсетін өсімдіктер, сондай-ақ оларды қайта өңдеу нәтижесінде алынған өнімдер кіреді.

Қазақстан Республикасында органикалық өнімді өндіру және оның айналымы «Органикалық өнімді өндіру мен айналымы туралы» Заңмен реттеледі. Аталған Заң органикалық өнімнің өндірілуінен бастап қайта өңдеу, қаптау, тасымалдау және өткізу кезеңдеріне дейінгі барлық айналым сатыларына қойылатын құқықтық негіздер мен талаптарды белгілейді. Заңнаманың негізгі талаптарының бірі — синтетикалық химиялық құралдарды, гормондарды, антибиотиктерді және генетикалық түрлендірілген организмдерді пайдалануға толық тыйым салу болып табылады.

Белгіленген талаптарды бұзғаны үшін заңнамада қатаң жауапкершілік көзделген: сәйкестік сертификаттарының қолданылуын тоқтатудан бастап, өндірушілерді органикалық өнім өндірушілер тізілімінен шығаруға дейінгі шаралар қолданылады.

Өнімнің атауында «органикалық» немесе «органик» терминдерін қолдануға тек қолданыстағы сәйкестік сертификаты болған және заңнама талаптары қатаң сақталған жағдайда ғана жол беріледі.

Комитет азық-түлік өнімдерінің, оның ішінде органикалық өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін тұрақты негізде бақылауды жүзеге асырады. Қазіргі уақытта 3 мыңнан астам азық-түлік өнімі сынамалары зерттеліп, олардың 8,5 пайызында белгіленген талаптарға сәйкессіздік анықталған. Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша 262 жедел ден қою шарасы қабылданып, заңнама талаптарына сәйкес келмейтін 2 тоннадан астам өнім айналымнан алынды.

Комитет тұтынушыларға өнімді таңдау кезінде таңбалауға, органикалық өнімнің сертификатталуы туралы ақпараттың болуына назар аударуды, сондай-ақ тауарларды адал өндірушілерден және ресми сауда орындарынан сатып алуды ұсынады.