Су және денсаулық проблемалары жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы

Су және денсаулық проблемалары жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы

Мемлекет басшысы «1992 жылғы Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияға Су және денсаулық мәселелері жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Қазақстанның Су және денсаулық проблемалары жөніндегі хаттамаға қосылуы азаматтардың қауіпсіз ауыз суға және тиісінше санитариялық жағдайларға қол жеткізу құқықтарын қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болып табылады, сондай-ақ елдің халықаралық имиджін нығайтуға ықпал етеді. Хаттамаға қатысу ДДСҰ, БҰҰ ЕЭК және басқа да халықаралық ұйымдар тарапынан озық тәжірибелерге, сараптамалық қолдауға және техникалық көмекке қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Хаттамаға қосылу ауыз судың сапасын бақылау, гигиена және санитария бойынша халықаралық стандарттарды енгізуге мүмкіндік береді. Бұл суға байланысты аурулардың таралуын азайтуға және қоғамдық денсаулықты нығайтуға жағдай жасайды.

Хаттама ережелерін іске асыру экологиялық және әлеуметтік тұрақтылықты арттырып, су ресурстарын ұтымды пайдалану мен климаттың өзгеруі жағдайындағы орнықты су менеджментін қолдауды қамтамасыз етеді.