
Фортификация – бұл азық-түлікті дәрумендер мен минералдармен байыту процесі. Азық-түлікті, соның ішінде бидай ұнын фортификациялау – халық арасындағы дәрумендер мен минералдар тапшылығының алдын алудың ең тиімді және үнемді тәсілдерінің бірі. ДДСҰ ұсынымдарына сәйкес, жаппай тұтынатын өнімдерге қажетті микроэлементтерді қосу анемияның таралуын азайтуға, балалар мен жүкті әйелдердің денсаулығын жақсартуға ықпал етеді.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 111-бабына сәйкес ел аумағында айналымда болатын жоғары және бірінші сортты бидай ұны міндетті түрде фортификациялауға жатады. Бұл талаптар отандық өндірушілерге де, импорттаушыларға да қолданылады.
Фортификацияланған ұнға темір, фолий қышқылы, мырыш және В тобының дәрумендері қосылады. Кеден одағының «Тағам өнімдерін таңбалау бөлігіндегі» техникалық регламентіне (ТР ТС 022/2011) сәйкес фортификация туралы ақпарат өнімнің таңбалауында көрсетілуі тиіс.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары мемлекеттік бақылау және қадағалау шеңберінде ұнға мониторинг жүргізіп, зертханалық зерттеулерді іске асырады.
2025 жылдың ағымдағы кезеңінде жоғары және бірінші сортты ұнның 118 үлгісі (барлығы 464 зерттеу) зерттелді, оның ішінде: 57 үлгі (48,3%) – отандық өндіріс; 61 үлгі (51,7%) – ТМД елдері өндірушілерінің өнімі.
Зерттеу нәтижелері бойынша 9 үлгі (7,6%) темір мен мырыш құрамына қойылған талаптарға сәйкес келмеді. Анықталған бұзушылықтар бойынша 5 нұсқама беріліп, әкімшілік айыппұл салынды.