ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай бақылауда

ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай бақылауда

Бүгін ОКҚ-да ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенованың, сондай-ақ ҚР ДСМ ведомстволық бағынысты ұйымдарының өкілдері мен бейінді сарапшылардың қатысуымен брифинг өтті, олар елдегі ЖРВИ және тұмау бойынша ағымдағы эпидемиологиялық жағдайды және ден қою шараларын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Қазақстанда жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай күзгі-қысқы кезеңге тән шеңберде дамуда.
Ағымдағы жылдың қыркүйегінен бастап ЖРВИ-нің 1 461 819 жағдайы тіркелді, 2024-2025 жылдардағы өткен эпидемиялық маусымның ұқсас кезеңімен салыстырғанда 20%-ға төмендеу байқалады. Науқастардың жартысынан көбі 14 жасқа дейінгі балалар. А.ж. соңғы аптасында республикада ЖРВИ-нің 183 074 жағдайы тіркелді.
Қазіргі уақытта елде жыл сайын күзгі–қысқы кезеңде таралатын вирустың маусымдық қосалқы түрі - А типті тұмау (H3N2) жағдайлары зертханалық расталды. Бұл вирус жаңа штамм емес, аурудың көріністері тұмаудың типтік клиникалық көрінісіне сәйкес келеді – температураның күрт көтерілуі, бас және бұлшықет ауруы, қалтырау, дененің ауыруы. Эпидемиялық маусым басталғаннан бері зертханалық расталған тұмаудың 590 жағдайы тіркелді (А типі (H3N2) - 587 жағд., А типті (H1N1) - 3 жағд.).
Тұмаумен қатар тұмауға жатпайтын вирустар да таралуда. Зерттелген 3180 үлгінің 782-сі тұмауға жатпайтын вирустарға оң нәтиже берді, олардың арасында риновирус, парагрипп, аденовирус, бокавирус басым.
Биыл тұмауға қарсы вакцинаның 2,1 млн дозасы сатып алынды, оның құрамына тұмаудың барлық штамдары – A (H1N1), A (H3N2) және B кірген. Бұл көлем халықтың 11% қамтуға мүмкіндік береді, (ДДСҰ ұсынған деңгейінде кем дегенде 10%). Бүгінгі таңда республикада КТМКК шеңберінде халықтың осал топтарынан 2,1 миллион адам егілді.
Бүгінгі таңда жағдай бақылауда, Министрлікпен тиісті шаралар қабылданды. Ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап медициналық ұйымдарда бетперде режимі енгізілді. Медициналық ұйымдарға кіре берісте ЖРВИ және тұмау белгілері бар адамдар үшін «фильтрлер» жұмысы ұйымдастырылды, температуралық және дезинфекциялық режимдердің сақталуы қамтамасыз етілді, сондай-ақ үй-жайлардың санитариялық жағдайына бақылау күшейтілді. Вирусқа қарсы және қызуды түсіретін препараттардың, жеке қорғаныс құралдары мен дезинфекциялық құралдардың жеткілікті қоры қамтамасыз етілді.
Балаларды оқыту және тәрбиелеу ұйымдарында оқушылар мен қызметкерлердің сырқаттанушылығы мен сабаққа қатысуының күнделікті мониторингі жүргізіледі. ЖРВИ және тұмау белгілері бар балаларға арналған күнделікті таңертеңгі «фильтр» ұйымдастырылды.
Еліміздің стационарларында 10829 инфекциялық төсек-орын көзделген, оның 76%-ы қазір науқас қабылдады.
Инфекциялық бөлімшелердің шамадан тыс жүктелуі байқалмайды – барлық өңірлерде сырқаттанушылық одан әрі өскен жағдайда төсек-орындардың жеткілікті резерві бар.
Комитет эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жүргізуді жалғастыруда және азаматтарды тұмауға қарсы уақтылы вакцинациялауға шақырады, әсіресе тәуекел тобына жататын - балалар, қарттар және созылмалы аурулары бар адамдар. Сондай-ақ, азаматтарды қарапайым алдын-алу шараларын сақтауға шақырамыз: адамдар жаппай жиналатын жерлерден аулақ болу, үй-жайларды жиі желдету, қолды антисептиктермен өңдеу және аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда балаларды үйде қалдыру. Аурудың белгілері (қызудың көтерілуі, жөтел, мұрын бітелуі) пайда болған жағдайда өзін-өзі емдеумен айналыспай, медициналық көмекке уақтылы жүгіну қажет.