Қызметтің алғашқы токсикологиялық зертханалары

Қызметтің алғашқы токсикологиялық зертханалары

Елде халық шаруашылығының дамуы жаңа химиялық заттарға зертханалық зерттеулер жүргізу, қоршаған орта объектілерінде оларды нормалау, сондай-ақ еңбек жағдайын және сыртқы ортаны жақсарту бойынша профилактикалық іс-шараларды әзірлеу қажеттілігін анықтады. Қызметтің алғашқы токсикологиялық зертханалары 1968 жылы Қарағанды және Шымкент облыстарында, 1973 жылы Батыс Қазақстан және Көкшетау облыстарында, 1974 жылы Алматы облысында ұйымдастырылды.

Қызметтің оперативтік және зертханалық буындарының өзара іс-қимылын нығайтуға, ұйымдық құрылымын ретке келтіруге бағытталған маңызды қадам  КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің №300 (1969 ж.) бұйрығы болды, бұйрықпен санэпидстанциялардың жаңа құрылымы мен медициналық және инженерлік-техникалық қызметкерлерінің штаттық нормативтері бекітілді.

Өткен ғасырдың 70-80 жылдары аралығында республиканың санитариялық-гигиеналық зертханалары жыл сайын 2 миллионнан астам талдау жүргізді, шу, дірілді аспаптық өлшеулер, улы химикаттардың қалдық мөлшерін зерттеулер және өнеркәсіптік кәсіпорындардағы еңбек жағдайларын бағалау бойынша зерттеулер саны артты. 10 вирусологиялық зертхана және 5 орталық клиникалық-диагностикалық бактериологиялық зертхана (Орал, Целиноград, Қарағанды, Гурьев, Алматы қалаларында) ашылды.

Республиканың медицина ғылымы үшін 1973 жылы КСРО Медицина ғылымдары академиясының Тағамтану институты филиалының ашылуы үлкен оқиға болды, ол қысқа мерзім ішінде дені сау және науқас адамдардың тамақтану проблемалары бойынша зерттеулер жүргізетін, табиғи-климаттық ерекшеліктерге байланысты халықтың тамақтану нормативтерін әзірлейтін ірі ғылыми орталыққа айналды.

1976 жылы 1960 жылмен салыстырғанда санэпидстанциялардың саны 202-ден 315-ке дейін, санитариялық-эпидемиологиялық топтағы дәрігерлер саны 1329-дан 2700-ге дейін, ал орта медицина персоналының саны 1753-тен 3700-ге дейін өсті. Бұдан басқа 28 санитариялық ағарту үйі және 5 обаға қарсы күрес станциясы жұмыс істеді. Санитариялық-противоэпидемиологиялық саладағы мекемелер үшін дәрігерлерді  даярлау Қарағанды медицина институтының санитария факультетінде және республиканың медициналық училищелерінде жүзеге асырылды. Санитариялық дәрігерлердің мамандануы және біліктілігін арттыру  Алматы дәрігерлердің біліктілігін арттыру институтында өтті.