Бүгін ҚР ДСМ СЭБК Ұлттық сараптама орталығының базасында Кодекс Алиментариустың Ұлттық үйлестірушісінің қолдауымен Дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігі күніне арналған дөңгелек үстел өткізілді.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы С. Бейсенова құттықтау сөз сөйлеп халықаралық іс-шараны ашты.
Дөңгелек үстелге «Кодекс Алиментариус» комиссиясы төрағасының орынбасары, доктор Битул Вазгечер, ФАО-ның Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік кеңсесінің маманы Мэри Кенни, ДДҰ Елдік кеңсесінің саясат жөніндегі кеңесшісі доктор Стела Георгица, Еуразиялық экономикалық одақтың СФС шаралар департаменті директорының орынбасары Салия Каримбаева, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (ДДСҰ) өкілі Марио Латини, Беларусь Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының мемлекеттік органдарының, сондай-ақ қазақстандық ғылыми қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Азық-түлік қауіпсіздігі әлемнің барлық елдерінің денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатының басымдығы болып табылады, себебі ғылыми негізделген стратегияларды әзірлеуде, икемді және тәуекелдерді ескеретін реттеу жүйелерін құруда, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жүйелерін жоспарлауда және енгізуде мемлекет шешуші рөл атқарады.
Биылғы жылы Дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігі күнінің тақырыбы – «Ғылым-іс жүзінде».
Азық-түлік қауіпсіздігінде ғылымға ерекше рөл беріледі. Жаһандық сын-тегеуріндердің жаңа жағдайларында тек сауатты ғылыми негізделген тәсіл өзара іс-қимылдың барлық негізгі тетіктері мен тартылған факторларын аша алады, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мақсатқа қол жеткізу және тиісті міндеттерді шешу үшін кейінгі қадамдарды негіздей алады.
Дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігі күніне арналған әрбір іс-шара барлық 17 және Тұрақты даму мақсаттары бойынша ілгерілеуге қол жеткізуге бағытталған жаңа шешуші әрекеттердің өзіндік триггері болып табылады.
Осы тұрғыдан алғанда, Дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігі күнін мерекелеу – тамақ қауіпсіздігімен байланысты барлық шешілмеген мәселелерге әлемдік қоғамдастықтың назарын аударудың, тамақтанумен, тамақ өнімдерімен байланысты ауруларды азайтуға қол жеткізудің бірегей мүмкіндігі.