АМСК өңірлік орталығында Астана қаласының мектеп медицина қызметкерлерінің қатысуымен "Білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандартын енгізу және мектеп медицина қызметкерінің рөлі" тақырыбында семинар өтті.
Қатысушыларға санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова құттықтау сөз сөйледі. Ол мектеп білім беру ұйымдарында тамақтануды ұйымдастырудың жаңа тәсілін іске асыруда мектеп медицина қызметкерлерінің рөлі маңызды екенін атап өтті.
Қатысушыларға жаңа тамақтану стандартының негізгі ережелеріне қысқаша шолу жасалды. Мектептегі медицина қызметкерінің тамақ сапасын бақылау, созылмалы аурулардың алдын алу және дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударылды.
"Назарбаев Зияткерлік мектептері" АБҰ халықаралық мектебінің өкілдері мектептегі тамақтануды ұйымдастыру және медицина қызметкерлерінің қатысуы мәселелерінде өз тәжірибелерімен бөлісті.
Соңында сұрақтар мен жауаптар сессиясы өтті, оның барысында қатысушылар жаңа стандартты енгізудің практикалық аспектілерін талқылады.