Бекшин Жандарбек Мұхтарұлы – медицина ғылымдарының кандидаты, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы тәжірибелі маман. 1958 жылы Қостанай облысы Федор ауданы Ленин атындағы совхозда дүниеге келген. 1982 жылы Свердлов мемлекеттік медицина институтын «дәрігер-гигиенист, эпидемиолог» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Целиноградта санитариялық дәрігер лауазымынан бастаған, содан кейін коммуналдық гигиена бөлімшесінің меңгерушісі лауазымынан Астана және Алматы қалаларының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері лауазымдарына дейінгі қызметтерді атқарған. ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары, Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы сияқты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарында басшылық лауазымдарды атқарды. 2023 жылдан бастап «Республикалық микроорганизмдер коллекциясы» ЖШС Бас директоры лауазымын атқарып жүр.
Соңғы бес жылда нутрициология, эпидемиология, биоқауіпсіздік, COVID-19 профилактикасы, сондай-ақ ғылыми зерттеулерде генетикалық технологиялар мен жасанды интеллектті қолдану саласында біліктілікті арттырудан өтті.
Бірқатар мемлекеттік және ведомстволық наградалармен, оның ішінде «Ерен еңбегі үшін» медальімен (2008), «Құрмет» (2014) және «Парасат» (2021) ордендерімен, сондай-ақ ҚР Президентінің алғыс хаттарымен және мерекелік медальдармен марапатталған.