Қалалардың қарқынды дамуы мен елді мекендердің тығыз салынуы жағдайында санитариялық-қорғаныш аймақтарын (СҚА) айқындау мәселесі ерекше өзектілікке ие. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өнеркәсіптік, көлік және өзге де объектілерді қауіпсіз пайдалануға қажетті жағдайлар жасау мақсатында санитариялық-қорғаныш аймақтары белгіленеді. Бұл аймақтар шегінде оның мақсатына сай келмейтін қызмет түрлеріне шектеу қойылады немесе оларды жүзеге асыруға тыйым салынады.
Қолданыстағы санитариялық қағидаларға сәйкес, кейбір объектілер үшін санитариялық-қорғаныш аймақтарының ең төменгі нормативтік шекаралары белгіленген. Мұндай нормативтер болмаған жағдайда, СҚА көлемі жобалық құжаттама негізінде есептік әдіспен айқындалады.
Санитариялық-қорғаныш аймақтарын белгілеу екі кезеңмен жүзеге асырылады:
Есептік (алдын ала) СҚА — атмосфералық ауаға бөлінетін ластаушы заттар, физикалық факторлар (шу, діріл, электромагниттік өрістер) бойынша есептеулер мен халық денсаулығына әсер ету қаупін бағалау нәтижесінде айқындалады. Бұл кезең, ең алдымен, I және II қауіптілік класына жататын объектілерге қатысты қолданылады;
Қорытынды (бекітілген) СҚА — басым көрсеткіштер бойынша тоқсан сайын жүргізілетін өлшеулерді қамтитын, бір жылдық кезең ішіндегі кешенді далалық бақылау нәтижелерімен расталады.
Санитариялық-қорғаныш аймағының шегінде тұрғын үйлерді, білім беру, денсаулық сақтау және демалыс мекемелерін, сондай-ақ бағбандық учаскелер мен ауыл шаруашылығы нысандарын орналастыруға қатаң тыйым салынады. СҚА-ның нормативтік шекарасын қысқартуға тек қоршаған орта мен халық денсаулығына зиянды әсердің жоқтығы дәлелденген жағдайда ғана жол беріледі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша 1603 өндірістік объектінің 1423-іне санитариялық-қорғаныш аймақтары белгіленіп, бұл жалпы санының 88,8%-ын құрады. Қалған объектілер бойынша жұмыс жалғасуда.
Атмосфералық ауаның сапасына санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг Комитеттің аумақтық бөлімшелерімен тұрақты түрде жүргізіледі. 2024 жылы атмосфералық ауаның 685 427 сынамасы зерттеліп, олардың 11 061-і (1,6%) санитариялық нормативтерге сәйкес келмегені анықталды.