Оспанов Кеңес Сәрсенғалиұлы – медицина ғылымдарының докторы, Халықаралық экологиялық қауіпсіздік ғылымдары академиясының академигі (МАНЭБ, Санкт-Петербург), М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің құрметті профессоры.
Қарағанды мемлекеттік медицина институтын, санитариялық-гигиеналық факультетін тәмамдаған. Эпидемиология және санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау саласында 50 жылдан астам кәсіби тәжірибесі бар. Республикалық және өңірлік денсаулық сақтау салаларында, оның ішінде Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері лауазымында жұмыс істеді (2009-2011 жж.).
Шекараларды санитариялық қорғау, төтенше жағдайлар салдарын жою, аса қауіпті инфекциялардың алдын алу бойынша негізгі мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге қатысты. 200-ден астам ғылыми жұмыстың, 2 монографияның, 2 оқулықтың және 15 әдістемелік ұсынымның авторы және бірлескен авторы.
«Ерен еңбегі үшін» медальімен, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен (2000), Қазақстанның денсаулық сақтау және санитариялық-эпидемиологиялық қызметін дамытуға қосқан үлесі үшін мерекелік және ведомстволық наградалармен марапатталған.