Алматыда Қазақстан мен Ресей арасында биологиялық қауіпсіздік бойынша кезекті ведомствоаралық екіжақты консультациялар өтті. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің атынан аталған іс-шараға ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова қатысты.
Консультациялар барысында тараптар екі мемлекеттің аумағындағы жалпы эпидемиологиялық және эпизоотологиялық жағдай туралы өзекті ақпаратпен алмасты, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын қарастырды және өзара іс-қимылдың кейбір практикалық шараларын талқылады. Ғылыми алмасу, мамандар даярлау және шекара аумақтарындағы эпидемиологиялық ахуалды бақылау бойынша бірлескен іс-шаралар мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар сондай-ақ Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттігін құру туралы қазақстандық бастаманы одан әрі іске асыру туралы және Биологиялық және токсиндік қару туралы конвенцияны нығайту жөніндегі ресейлік бастамалар туралы сындарлы пікір алмасты.