Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясының басшысы Г.А. Азидуллин Атырау облысы Құрманғазы ауданы әкімдігі өкілдерімен бірлесіп, су арналары мен каналдарды тазалау және түбін тереңдету жұмыстарының барысына мониторинг жүргізді.
Жұмыс сапары барысында мамандар Панкрашино, Утеринский, Щучий және басқа да каналдардағы атқарылған жұмыстармен, сондай-ақ арнайы техникалардың қызметімен танысты.
Мониторинг барысында «Ватермастер 4125» техникасы жұмыс істеп жатқан аумақта өлшеулер жүргізіліп, қазу жұмыстары басталғанға дейін су тереңдігі 1–1,2 метр болса, жұмыстар аяқталғаннан кейін ол 2,7–2,8 метрге дейін жеткізілгені белгілі болды. Бұдан бөлек, сорғыш қондырғыларды тазалау барысында шығарылған тұрмыстық және табиғи қалдықтар жағаға шығарылып, Сафон ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен арнайы қоқыс полигонына тасымалдануда.
Утеринский-1 және Утеринский-2 каналдарының бастау бөлігіндегі түбін тереңдету жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл учаскеге жұмылдырылған «ЗРС-2» мен «ЗСС 1600 Э» земснарядтары дайындық жұмыстарын жүргізуде. Каналдың аяқталар тұсында «Ватермастер 4029» қондырғысы мен экскаватор арқылы түбі тереңдетілген учаскелерді өңдеу жұмыстары жалғасуда.
Қазіргі таңда нысандарда жалпы 6 земснаряд, 4 қайық және 2 буксирлік кеме жұмыс істеуде. Кемелер экипажының құрамында 35 Қазақстан Республикасының азаматы еңбек етеді. Жауапты мамандар жоспарланған түбін тереңдету жұмыстарын биылғы жылдың соңына дейін толық аяқтауды көздеп, жұмыстарды белгіленген кестеге сәйкес атқаруда.