
Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты Мемлекет басшысы қылмыстық және әкімшілік амнистия жүргізуді бастама етті. Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа кезеңі әділеттілік, гуманизм және адамның қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарын бекітіп, бұл елдің құқықтық жүйесін одан әрі жаңғыртудың маңыздынегізі болды.
Амнистия қылмысқа жұмсақтық таныту емес, мемлекеттік саясаттың гуманистік және жасампаздық бағытын көрсететін ерекше құқықтық акт. Оның негізгі мақсаты – құқық бұзушылық жасаған, бірақ қоғамға айтарлықтай қауіп төндірмейтін адамдардың әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау. Мемлекет мұндай азаматтардың қоғамдық, еңбек және экономикалық өмірге толыққанды оралуына кедергі келтіретін құқықтық және қаржылық кедергілерді азайтуды көздейді.
Президенттің осы тапсырмасын іске асыру үшін Мәжіліс депутаттары жекелеген санаттағы құқық бұзушылықтар бойынша амнистия туралы заң жобасын әзірледі.
Амнистия қылмыстық та, әкімшілік те құқық бұзушылықтарға қатысты. Айта кету керек, тәуелсіз Қазақстан тарихында әкімшілік амнистия алғаш рет өткізілгелі отыр.
Бұл шара халық пен кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық жүктемесін азайтуға, сондай-ақ олардың одан әрі экономикалық белсенділігін ынталандыруға бағытталған.