
Су кодексінің жаңа талаптары: айналымды сумен жабдықтауға кезең-кезеңімен көшу міндеті
Қазақстан Республикасының жаңадан қабылданған Су кодексіне сәйкес су ресурстарын ұтымды пайдалану және өндірістік секторда суды үнемдеу тетіктерін енгізу бағытында нақты талаптар белгіленді.
Атап айтқанда, Кодекстің 133-бабының 5-тармағына сәйкес айналымды және (немесе) қайталама сумен жабдықтау жүйелері жоқ өнеркәсіптік ұйымдар мен жылу өндіретін субъектілер Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жылдан кешіктірмей осындай жүйелерге көшу жоспарын ұсынуға міндетті. Сонымен қатар, ұсынылатын жоспарды іске асыру мерзімі бес жылдан аспауға тиіс.
Бұл норма өндірістік кәсіпорындардың су ресурстарын тұтынуын қысқартуға, суды қайта пайдалану үлесін арттыруға және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.
ЗҚАИ ескертпесіне сәйкес, Су кодексінің 45-бабының 7-тармағы 134-баптың 1-тармағына сәйкес 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. Аталған нормаға сәйкес айналымды және (немесе) қайталама сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу жоспарының болуы жерүсті су объектілерінен су алу үшін рұқсат беру және арнаулы су пайдалану құқығын рәсімдеу кезінде қосымша шарт болып айқындалады.
Осы талаптар 2026 жылғы 11 ақпанда Шу–Талас бассейндік су инспекциясында өткен су пайдаланушылармен кездесу барысында кеңінен талқыланды. Іс-шара барысында қатысушыларға заңнамалық өзгерістер, жоспар ұсыну мерзімдері, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізудің негізгі тетіктері бойынша жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жаңа нормалардың енгізілуі су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға, өндірістік секторда жауапкершілікті күшейтуге және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
«Су ресурстарын ұтымды пайдалану – әрбір су пайдаланушының ғана емес, қоғамның ортақ міндеті».