Шу-Талас бассейндік су инспекциясының мамандары "Ашық есік күні" өткізді

Шу-Талас бассейндік су инспекциясының мамандары "Ашық есік күні" өткізді

Жер асты су ресурстарын өндірістік–техникалық мақсаттарда пайдаланатын барлық су пайдаланушылардың назарына!

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 28 тамыздағы №695 қаулысымен Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы және 2024–2026 жылдарға арналған су үнемдеу жөніндегі Жол картасы бекітілді.

Аталған Тұжырымдамада экономика салаларында суды қайта пайдалануды 2030 жылға дейін 17%-дан 28%-ға дейін ұлғайту индикаторы көзделген:

  • 2026 ж. – 17%
  • 2027 ж. – 22%
  • 2028 ж. – 24%
  • 2029 ж. – 26%
  • 2030 ж. – 28%

Суды қайта пайдалану – бұл бұрын тұрмыстық немесе өнеркәсіптік мақсатта пайдаланылған суды қайтадан пайдалы қызметке енгізу процесі.

Қайта пайдалану және қайта өңдеу арқылы су ресурстарын үнемдеуге, сондай-ақ қоршаған ортаның ластануын азайтуға мүмкіндік бар. Су көп пайдаланылатын нысандарда қайталама сумен жабдықтау жүйелерін енгізу ұзақ мерзімді перспективада экономикалық тұрғыдан өзін-өзі ақтайды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының жаңадан қабылданған Су кодексіне сәйкес, 133-баптың 5-тармағына сай:

айналымды және (немесе) қайталама сумен жабдықтау жүйелері жоқ өнеркәсіптік ұйымдар мен жылу өндіретін субъектілер Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жылдан кешіктірмей осындай жүйелерге көшу жоспарын ұсынуға міндетті. Бұл жоспарды іске асыру мерзімі бес жылдан аспауға тиіс.

🔎 ЗҚАИ ескертпесі:

Су кодексінің 45-бабының 7-тармағы 134-баптың 1-тармағына сәйкес 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Оған сәйкес, айналымды және (немесе) қайталама сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу жоспарының болуы жерүсті су объектілерінен су алу үшін рұқсат беру мен арнаулы су пайдаланудың қосымша шарты болып табылады.

📌 Осы мәселелер 2026 жылғы 20 қаңтарда Шу–Талас бассейндік су инспекциясында өткен Ашық есік күні барысында кеңінен талқыланды.

Іс-шара барысында су пайдаланушыларға жаңа талаптар, жоспарлау мерзімдері және су үнемдеу тетіктері жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Су ресурстарын ұтымды пайдалану – баршамыздың ортақ міндетіміз.