
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша баспасөз релизі
2026 жылғы 16 қаңтарда Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясы Қарағанды облысының білім беру жүйесі ұйымдарында арнайы білім беру бағдарламалары бойынша оқытуға, балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік бейімдеуге және қолдауға бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараға Қарағанды облысының білім басқармасының өкілдері, аудиторлық іс-шарамен қамтылған ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары мен бас бухгалтерлері қатысты.
Дөңгелек үстел бюджет қаражатын жоспарлау және пайдалану мәселелеріне, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту мен тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді іске асыруға байланысты өзекті мәселелерді талқылауға арналды. Кездесу барысында қатысушыларға анықталған бұзушылықтар мен проблемалық аспектілерді талдауға баса назар аудара отырып, мемлекеттік аудиттің нәтижелері ұсынылды.
Өңірде арнайы білім беру саласының дамуын тежейтін жүйелі проблемалар талқыланды, олардың негізгісі: жекелеген ұйымдардың шамадан тыс жүктелуі, арнайы қызметтерді алу кезектілігі, бірқатар аудандарда көмектің шектеулі қолжетімділігі, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны мен қолданыстағы мекемелердің мүмкіндіктері арасындағы өсіп келе жатқан теңгерімсіздік.
Сонымен қатар дефектологтар, логопедтер, психологтар және медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігін қоса алғанда, өткір кадр тапшылығына ерекше назар аударылды, бұл көрсетілетін қолдаудың сапасына тікелей әсер етеді.
Бухгалтерлік есепті жүргізу кезінде заңнама талаптарын сақтауға, қаржылық және рәсімдік бұзушылықтарға жол бермеуге, сондай-ақ бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалану кезіндегі жауапкершілікті арттыру қажеттілігіне ерекше мән берілді.
Дөңгелек үстел соңында «сұрақ-жауап» форматында интерактивті талқылау өтіп, оның барысында қатысушылар күн тәртібіндегі негізгі тақырыптар бойынша сындарлы пікір алмасу жүргізді. Мемлекеттік аудит объектілерінің өкілдері анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады.
Қатысушылар жоғары белсенділік танытып, мазмұнды сұрақтар қойды, көтерілген тақырыптардың практикалық маңыздылығын, заңнамадағы талқыланған өзгерістердің өзектілігін және қызығушылық тудырған мәселелер бойынша берілген түсіндірмелердің құндылығын атап өтті.