Бүгін, 2025 жылғы 12 мамырда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-ның жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау және локомотив тартымы жөніндегі қызметтерге шекті бағалардың алдағы уақытта көтерілуі туралы хабарламасын қарау бойынша жария тыңдау өткізді.
Іс-шара Комитет төрағасының міндетін атқарушысы Тимур Қосымбаевтың төрағалығымен өтті, ол тыңдауды ашып, қатысушыларды оны өткізу тәртібімен таныстырып, барлық мүдделі тараптар арасындағы диалогтың маңыздылығын атап өтті. «Жария тыңдауларды өткізудің мақсаты – ашықтықты, жариялылықты, ақпараттандыруды қамтамасыз ету және тұтынушылар мүдделерінің теңгерімін сақтау», – деп атап өтті, ол қатысушыларды хабарлама бойынша ұсыныстар мен ескертулерді белсенді түрде айтуға шақырды.
Талқылауға мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҚР ҰКП, салалық қауымдастықтардың, БАҚ және басқа да мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қызметтерге шекті бағалар жобасы бойынша «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-ның Бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Шолпан Сапарғалиқызы Омарбекова баяндама жасап, жоспарланып отырған тарифтердің өзгеруінің негіздемелері мен экономикалық есептеулерін ұсынды.
Жария тыңдау офлайн форматта өтті және Комитеттің Facebook-тегі ресми парақшасында, сондай-ақ ZOOM платформасы арқылы тікелей эфирде көрсетілді, бұл кең аудиторияға қол жетімділік пен кері байланыс мүмкіндігін берді.
Соңында Тимур Қосымбаев ұсынылған шекті бағалар жобасы алдын ала сипатта болатынын, ал түпкілікті шешім Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-ның хабарламасын жан-жақты талдау қорытындысы бойынша қабылданатынын атап өтті.