Еліміздің бірқатар өңірлерінде 5,6 млрд.теңгеге жуық сомаға тарифтер төмендетілді

Еліміздің бірқатар өңірлерінде 5,6 млрд.теңгеге жуық сомаға тарифтер төмендетілді

ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті және оның аумақтық бөлімшелері табиғи монополиялар субъектілерін тексерді. Атап айтқанда, ТМС-тардың өзіне алған инвестициялық міндеттемелерін орындамауын анықтау үшін іс-шаралар өткізілді. Еске салайық, 2022 жылдың қорытындысы бойынша коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мен дамытуға арнайы тарифтер бекітілген болатын.

​Жедел деректер бойынша, бүгінде еліміздің бірқатар өңірлерінде 256 табиғи монополия субъектісінің өз міндеттемелерін орындамағаны анықталды. Нәтижесінде жалпы сомасы шамамен 5,6 млрд. теңгеге уақытша өтемдік тарифтер бекітілді.

Реттелтін қызметтер бойынша ТМС өз міндеттемелерін орындамау сомалары мынадай:
- жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау - 1,6 млрд. теңге, кейбір өңірлерде тарифтің төмендеуі 7,4%-ға жетеді
- сумен жабдықтау - 1,2 млрд.теңге, кей өңірлерде тарифтің төмендеуі 12,6%-ға жетеді
- су бұру - 0,9 млрд.теңге, кейбір өңірлерде тарифтің төмендеуі 13,2%-ға жетеді 
- электр энергиясын беру және тарату - 0,45 млрд.теңге, кейбір өңірлерде тарифтің төмендеуі орташа есеппен 10,5%-ға жетеді 
- газды газ тарату жүйелері арқылы тасымалдау - 1,5 млрд.теңге, кей өңірлерде тарифтің төмендеуі 6,3%-ға жетеді және т.б.

Осы бағытта жұмыс жалғасуда. Енгізілген өтемдік тарифтер бойынша соңғы ақпарат қосымша хабарланатын болады.