Жетісу облысында 38,7 млн теңгеден астам негізсіз кіріс анықталды

Жетісу облысында 38,7 млн теңгеден астам негізсіз кіріс анықталды

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті 2025 жылға арналған тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы есептерді қарау қорытындысы бойынша табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне талдау жүргізді.

Талдау шеңберінде 29 табиғи монополия субъектісі ұсынған 68 есеп қаралды.

2025 жылға арналған тарифтік сметалардың орындалуын талдау нәтижесінде 3 табиғи монополия субъектісінде бекітілген тарифтік сметаларда көзделген жекелеген шығын баптарының орындалмағаны анықталды. Бұл ретте инвестициялық бағдарламаларды орындау бойынша бұзушылықтар анықталған жоқ.

Жол берілген бұзушылықтарға байланысты аталған 3 субъектінің қызметтеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып есептелген, 45,3 млн теңгеден астам негізсіз кіріс сомасына уақытша өтемдік тарифтер енгізілді.

Уақытша өтемдік тарифтер әртүрлі кезеңдерге бекітіліп, оларды қолданысқа енгізу мерзімі 2026 жылғы 1 мамырдан 1 қыркүйекке дейін белгіленді.

Атап айтқанда, реттеліп көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлері бойынша негізсіз кіріс:

  • жылумен жабдықтау - 563 270 теңге;
  • кірме жолдарды ұсыну - 361 800 теңге;
  • электр энергиясын беру - 37 835 120 теңге.

Осылайша, көрсетілген қызмет түрлері бойынша жалпы сома 38 760 190 теңгені, яғни 38,7 млн теңгеден астам соманы құрады. Бұл ретте қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып есептелген уақытша өтемдік тарифтердің мөлшері 45,3 млн теңгеден астам болды.

Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңының 26-бабы 2-тармағының 15) тармақшасына сәйкес табиғи монополия субъектісі заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, бекітілген тарифтік сметаны орындауға міндетті.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 164-бабының 4-бөлігіне сәйкес табиғи монополия субъектісінің табиғи монополиялар саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

Заңның 26-бабы 2-тармағының 15) тармақшасында көзделген міндеттердің орындалмауына байланысты 3 табиғи монополия субъектісіне қатысты Кодекстің 164-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалды.

Істерді қарау қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1 247 180 теңге әкімшілік айыппұл салынды және ол толық көлемде өндірілді.

Департамент табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік реттеу саласындағы заңнама талаптарын сақтауын бақылау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша жұмысты жалғастырады.