
Бүгін Табиғи монополияларды реттеу комитеті кезекті қоғамдық қабылдау өткізді. Іс-шара барысында қатысушыларға Комитеттің негізгі реттелетін салалардағы ағымдағы жұмысы, энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаны іске асыру, сондай-ақ реттелетін қызметтердің сенімділігі мен сапасын қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат ұсынылды.
Негізгі бағыттардың бірі сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы жұмысқа арналды. Қазіргі уақытта республикада осы салаларда реттелетін қызметтерді 477 табиғи монополия субъектісі көрсетеді, оның ішінде 20 базалық субъект республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында қызмет көрсетеді.
Коммуналдық инфрақұрылымды энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жоба аясында жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сумен жабдықтау саласында 4,7 мың км желіні, ал су бұру саласында 2,6 мың км желіні жаңғырту жоспарлануда. Бұл іс-шараларды іске асыру инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендетуге, апаттылықты азайтуға және коммуналдық қызметтердің сенімділігін арттыруға бағытталған.
Электр энергетикасы саласында қатысушыларға электр желілік инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді. Қазақстан аумағында электр энергиясын беру бойынша реттелетін қызметтерді 137 субъект көрсетеді, оның ішінде 9 субъект тізілімнің республикалық бөліміне, 128 субъект жергілікті бөліміне енгізілген. Ұзақ мерзімді реттеу тетіктері бойынша 53 субъект жұмыс істейді, оның 41-і халыққа қызмет көрсетеді.
Жекелеген блок газ саласын реттеуге арналды. Қатысушыларға мемлекеттік реттеудің негізгі тетіктері, сондай-ақ тұтынушыларды тауарлық газбен үздіксіз, сапалы және қауіпсіз қамтамасыз ету мәселелері түсіндірілді. Жекелеген санаттағы тұрмыстық тұтынушыларды әлеуметтік қолдау шараларына ерекше назар аударылды.
Қоғамдық қабылдау барысында теміржол саласын реттеудің өзекті мәселелері де қаралды. Қазіргі уақытта Комитет магистральдық теміржол желісінің қызметтері, локомотивтік тарту және инвестициялық бағдарламалардың жобалары бойынша келіп түскен материалдарды, сондай-ақ 2025 жылға арналған міндеттемелердің орындалуы туралы есептерді қарауда. Келіп түскен материалдар бойынша шешімдер Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкес қабылданады.
Сонымен қатар, Комитеттің аумақтық департаменттері өңірлерде жеке қоғамдық қабылдаулар өткізді. Әрбір департамент өз алдына жүргізілген жұмыс, азаматтардың өтініштерін қарау және реттелетін қызметтерді тұтынушылардан келіп түскен өзекті мәселелер туралы ақпарат ұсынды.
Қоғамдық қабылдаулар өткізу Комитеттің халықпен және қоғаммен ашық өзара іс-қимылының негізгі құралдарының бірі болып табылады. Мұндай формат азаматтарды уәкілетті органның жұмысы туралы тікелей хабардар етуге, мемлекеттік реттеу мәселелерін түсіндіруге және реттелетін қызметтердің сапасы, сенімділігі мен қолжетімділігі бойынша кері байланыс алуға мүмкіндік береді.
Комитет мемлекеттік реттеудің ашықтығы мен тиімділігін арттыру, табиғи монополиялар субъектілерінің міндеттемелерді орындауын бақылау және тұтынушылардың мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысты жалғастырады.