
Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінде Табиғи монополиялар саласы жұмыскерлерінің күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев, Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Самбетов, сала ардагерлері, аумақтық департаменттердің басшылары, Комитет қызметкерлері және шақырылған қонақтар қатысты.
Салтанатты жиынды ашқан Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев табиғи монополиялар саласы жұмыскерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етудегі, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудағы және тарифтік реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудағы маңызды рөлін атап өтті.
Іс-шара барысында Комитет төрағасы Тимур Қосымбаев та құттықтау сөз сөйлеп, сала ардагерлері мен қызметкерлеріне кәсібилігі, өз ісіне адалдығы және табиғи монополияларды мемлекеттік реттеу жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін алғысын білдірді.
Сала ардагері Марат Мұстафин де сөз сөйлеп, еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісіп, жас мамандарға ақжарма тілегін жеткізді. Ол саланың қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан аға буынның тәжірибесін сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды.
Салтанатты жиын аясында сала қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және табиғи монополиялар саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттар табысталды.
Марапаттау рәсімінің ерекше сәті, алғаш рет «Табиғи монополия саласының үздігі» ведомстволық төсбелгісінің табысталуы болды. Бұл награда өткен жылы бекітілген Табиғи монополиялар саласы жұмыскерлерінің кәсіби мерекесіне орай тағайындалып, саланың дамуына айрықша үлес қосқан мамандардың еңбегін бағалаудың маңызды белгісі саналады.
Салтанатты іс-шара сала ардагерлері мен бүгінгі қызметкерлерге құрмет көрсетудің, олардың кәсібилігі мен адал еңбегіне ризашылық білдірудің жарқын көрінісіне айналды.