ТМРК-де тарифтік саясатты іске асыру және коммуналдық секторды жаңғырту мәселелері түсіндірілді

ТМРК-де тарифтік саясатты іске асыру және коммуналдық секторды жаңғырту мәселелері түсіндірілді

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінде құрылымдық бөлімшелер өкілдерінің қатысуымен қоғамдық қабылдау өтті.

Іс-шара барысында қатысушыларға жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру, газбен жабдықтау, теміржол көлігі және магистральдық құбырлар арқылы мұнай тасымалдау салаларындағы мемлекеттік реттеу жұмыстары туралы ақпарат берілді.

Кездесу барысында тарифтік саясатты іске асырудың негізгі қағидаттары, табиғи монополия субъектілерінің тарифтік өтінімдерін қарау тәртібі, тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылау, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған тетіктері түсіндірілді.

Қатысушыларға энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында инженерлік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту, заманауи технологияларды енгізу және инвестициялар тарту жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Бұл шаралар коммуналдық қызметтердің сенімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар алдағы жылыту маусымына дайындық барысы, жылу энергетикасы нысандарындағы жөндеу жұмыстары және жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берілді.

Сумен жабдықтау және су бұру саласында тарифтік саясатты жетілдіру, және коммуналдық ресурстарды ұтымды тұтынуды ынталандыру және тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуына бақылауды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ заңнама талаптары бұзылған жағдайда тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған шаралар қабылданатыны атап өтілді.

Теміржол көлігі саласы бойынша тарифтік өтінімдер мен есептердің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жан-жақты қаралатыны және қабылданатын шешімдердің экономикалық негізділігіне басымдық берілетіні айтылды.

Қоғамдық қабылдау барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Кездесу соңында Комитет өкілдері азаматтармен ашық диалогты дамыту және табиғи монополиялар саласындағы мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыру маңызды бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті.