
Павлодар облысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жұмыс сапары өтті. Сапар барысында «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасының іске асырылу мәселелері қаралды. Бағдарлама аясында қатысушылар Екібастұз, Ақсу және Павлодар қалаларындағы коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылым нысандарын аралап, сондай-ақ Жобалық кеңсе отырысына қатысты.
Нысандарды аралау барысында жылу магистральдарын қайта жаңғырту, жылумен жабдықтау нысандарын және электр желілері кешенін жаңғырту жобалары таныстырылды. Қатысушылар жобалардың іске асырылу барысымен, құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқынымен танысып, оларды белгіленген мерзімде аяқтау мәселелерін талқылады.Жобалық кеңсе отырысында Ұлттық жобаны іске асырудың қазіргі нәтижелері, қаржыландыру мәселелері, сатып алу рәсімдерінің жүргізілуі, сондай-ақ өңірлердегі жобаларды іске асыруды жеделдету бойынша алдағы міндеттер қаралды.
Ұлттық жобаны іске асыру мәселелері бойынша жеке баяндама жасаған ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев қазіргі уақытта Ұлттық жоба аясындағы бірқатар нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары басталғанын, ал қалған жобалар бойынша конкурстық рәсімдер қатар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда басты міндеттердің бірі сатып алу рәсімдерін уақытылы аяқтау, шарттар жасасу және барлық жобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының белсенді кезеңіне мүмкіндігінше жедел көшу.
«Бүгінде жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету ғана емес, барлық ұйымдастыру рәсімдерін уақытылы аяқтап, құрылыс-монтаж жұмыстарының белсенді кезеңіне мүмкіндігінше тезірек көшу және тұтынушылар нақты нәтижені сезінуі маңызды», – деді Тимур Қосымбаев.
Отырыс барысында өңірлердегі жобаларды іске асыру қарқынына, 2027 жылға арналған өтінімдерді дайындау мәселелеріне және Ұлттық жобаның нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуге ерекше назар аударылды.Сондай-ақ МЭКС ұлттық жобасына отандық тауар өндірушілердің қатысуын кеңейту мәселелері жеке қаралды.
«Ұлттық жоба қазақстандық кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондықтан отандық тауар өндірушілер инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға белсенді қатысып, энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртудың толыққанды серіктесіне айналуы маңызды», – деп атап өтті ТМРК төрағасы.
Жобалық кеңсе отырысынан кейін Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстары мен Абай облысының Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаменттері, табиғи монополия субъектілері және отандық тауар өндірушілердің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті.
Кездесу барысында отандық тауар өндірушілердің ЭКСЖ жобасына қатысу тетіктері, олардың табиғи монополия субъектілерімен өзара іс-қимылы, сондай-ақ жобаларды іске асыру кезінде туындайтын өзекті мәселелер талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға отандық бизнестің қатысуын кеңейту және өндірушілер мен тапсырыс берушілер арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде ұсыныстар айтылды.