Жылыту маусымына дайындық, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, электрмен, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы тариф қалыптастыру мәселелері, сондай-ақ тауарлық газ бағасын мемлекеттік реттеу ТМРК ұйымдастырған Facebook әлеуметтік желісіндегі онлайн қоғамдық қабылдаудың негізгі тақырыптарына айналды.
Негізгі мәселелердің бірі алдағы жылыту маусымына дайындық болды. Эфир барысында жылумен жабдықтау жүйелерінің сенімді жұмысы жөндеу науқандарын уақтылы жүргізу, инфрақұрылымды жаңғырту және жылу көздері мен жылу желілерінің техникалық жай-күйін тұрақты бақылау арқылы қамтамасыз етілетіні атап өтілді. Сондай-ақ қатысушыларға жылумен жабдықтау нысандарын жаңартуға және инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендетуге бағытталған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы туралы ақпарат берілді.
Қоғамдық қабылдауда сумен жабдықтау және су бұру салаларына да ерекше назар аударылды. Тұтынушыларға тарифтерді қалыптастыру қағидаттары, инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылау тетіктері және заң бұзушылықтар анықталған жағдайда өтемдік тарифтер арқылы қаражатты тұтынушыларға қайтару тәртібі түсіндірілді. Сонымен қатар «Инвестицияға айырбасталған тариф» бағдарламасының іске асырылуы, суды тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу және су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жөнінде ақпарат ұсынылды.
Электр энергетикасы саласы бойынша ТМРК мамандары тұтынушылар үшін электр энергиясының түпкілікті бағасының құрылымы, қолданыстағы реттеу тетіктері және тұтынушылар мен энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар туралы айтып берді. Сондай-ақ электр энергиясының көтерме нарығының жекелеген субъектілеріне көрсетілетін атаулы қолдау тетігі жөнінде ақпарат ұсынылды.
Эфир барысында тауарлық газ бағасын мемлекеттік реттеу мәселесі де қозғалды. Тұтынушыларға газдың бөлшек бағасы қандай құрамдас бөліктерден қалыптасатыны, мемлекет қандай реттеу тетіктерін қолданатыны және тұтынушылардың жекелеген санаттары үшін қандай әлеуметтік қолдау шаралары көзделгені түсіндірілді.
Қоғамдық қабылдау тұтынушыларды коммуналдық саладағы қазіргі ахуал, іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар және коммуналдық қызметтердің сенімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған шаралар туралы ақпараттандыру алаңына айналды.