Батыс Қазақстанның инфрақұрылымы қалай жаңаруда: жылу желілерінен жаңа су тарту нысандарына дейін

Батыс Қазақстанның инфрақұрылымы қалай жаңаруда: жылу желілерінен жаңа су тарту нысандарына дейін

Батыс Қазақстан облысында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жылу желілерін жаңғырту, сумен жабдықтау және су бұру нысандарын қайта жаңғырту, сондай-ақ электр желілері кешенін жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған делегацияның Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы (ЭКСЖ) шеңберінде іске асырылып жатқан нысандарды аралады. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаевта қатысты.

Сапар барысында өңірдің коммуналдық инфрақұрылымының негізгі нысандарын қамтитын және инженерлік желілерді жаңартуға, коммуналдық жүйелердің сенімділігін арттыруға, сондай-ақ аумақтардың орнықты дамуына жағдай жасауға бағытталған ЭКСЖ аясында жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және су бұру нысандарындағы жөндеу және құрылыс-монтаждау жұмыстары тексерілді.

Орал қаласындағы жылумен жабдықтау саласындағы жобалар негізгі нысандардың бірі болды. Қазіргі уақытта ұзындығы 1,83 шақырым болатын №6 жылу магистралін, ұзындығы 1,74 шақырым болатын №7 жылу магистралін, сондай-ақ «Құрылысшы» шағынауданындағы жалпы ұзындығы 8,82 шақырым болатын орамішілік жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобалар аяқталғаннан кейін тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды қоса алғанда, 46 мыңнан астам тұтынушы сапалы әрі сенімді жылумен қамтамасыз етіледі.

Өңірдің электр желілері кешенінде әуе электр жеткізу, тарату желілерін және трансформаторлық қосалқы станцияларды қайта жаңғырту жалғасуда. Ірі жобалардың қатарында Бөрлі, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарындағы 10 кВ және 0,4 кВ желілерін, сондай-ақ кешенді трансформаторлық қосалқы станцияларды реконструкциялау, Орал қаласындағы 0,4 кВ желілерін жаңғырту және облыстың бірқатар аудандарында 35 кВ электр жеткізу желілерін қайта жаңғырту мен салу жұмыстары бар. Бұл жобалар 200 мыңнан астам тұтынушы үшін электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сумен жабдықтау және су бұру саласында ПНС-20 көтергіш сорғы станциясын, КНС-1 және КНС-29 кәріз сорғы станцияларын қайта жаңғырту, сондай-ақ Орал қаласының жерасты су тарту көзін кеңейту үшін қосымша бес су ұңғымасын бұрғылау жобалары іске асырылуда. Бұл нысандарды жаңғырту сумен жабдықтау жүйелерінің тұрақтылығын арттырып, қаланың инфрақұрылымын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Сапар барысында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға отандық өндірушілердің қатысу мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Пайдаланылатын материалдар мен жабдықтардың елеулі бөлігі қазақстандық кәсіпорындарда өндіріледі. Бұл өнеркәсіптің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

Атап айтқанда, электр желілері жобаларында Қазақстанда өндірілген темірбетон тіректер, кабельдік-өткізгіш өнімдер, металл конструкциялар және кешенді трансформаторлық қосалқы станциялар қолданылады. Ал сумен жабдықтау жобаларында отандық полиэтилен құбырлар, электр техникалық жабдықтар мен құрылыс материалдары пайдаланылады. Жекелеген нысандар бойынша қазақстандық қамту үлесі 80–99% дейін жетеді.

Сонымен қатар жұмыс сапарына қатысушылар «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысымен танысты. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және ауылдық аумақтардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған «Аманат 22» және «Батыс Сүт» ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жобалары таныстырылды.

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы мен «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру өңір инфрақұрылымын дамытуға, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға және Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық өсуіне қосымша мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етеді.